KZ
Өскемен
-9°
переменная облачность жел 4 м/с, СШ
523.86 544.34 5.11

Әзілхан әлеміне терең бойлаған зерттеуші

30.07.2024, 11:48 371 Анель Слямғазықызы

Белгілі журналист, филология ғылымдарының кандидаты, әдебиеттанушы, сыншы-зерттеуші Мұратбек Тоқтағазин туралы оның алпыс жас белесінің биігінен сөйлер болсақ, айтылмақ әңгіме, бөлісер сыр етек-жеңін жидырмастай далия түсері анық. Себебі белгілі. Оның адами болмысы, өмірлік кредосы, білім-тәжірибемен толысқан талғампаздығы, ұстаздық мұраты, ізденіске ықтиятталған мәттақамдығы, еңбекке қалтқысыз берілгендігі, бәрі-бәрі бұл табиғи таланттың сан қырын жарқырата аша түсетін секілді.

Сонымен Мұратбектің өзімізге етене таныс мына қырын – ақиық жазушы, көркем әдебиетке журналистикадан келген дара дарын Әзілхан Нұршайықов шығармашылығын зерттеудегі тың ізденістерін сөз етпекпіз. Алдымен кесіп айтатын болсақ, бұл тақырыпты ол жүрек қалауымен таңдағандығынан болар, осы еңбектерінде өзгеше ғалымдық пайымымен Әзілхан аға бейнесін бұрынғы таптаурындықтан ада етіп, әдебиеттік бейнесін жарқын сомдай алған екен. Жазғаны көңіл хошының жалынына оралғандай жан жадыратады. Нағыз деректің уылжыған уызы дәмімен тамсандырады. Әзағаңның жүрдек журалистикамен, үлкен прозамен тыныстаған ұлы жүрегенің лүпілін аңғарған соң, Мұратбек ғалымның алымдылығы мен шалымдылығына еріксіз тәнті бола түсесіз.

Терең оймен, дария біліммен, шалқар тәжірибемен қаруланған М.Тоқтағазин өзі аса сүйіп қадірлейтін Әзілхан Нұршайықов туралы үш  еңбек  жазыпты. Алғашқы «Деректілік пен көркемдік» деп аталған монографиясында ол жазушының деректік негіз бен көркемдік сипатты үйлестіре бейнелеу тәсілдерінің қыр-сырын ашуға ден қойған. Сонымен қатар қаламгердің өзіндік стилі, шығармашылық лабораториясы, эпистолярлық туындылары, күнделікке түскен жазбаларды пайдалдану машығы жөнінде тың ғылыми байлам-байыптамалар жасаған.

Бұл кітап «Деректік негіз» және «Көркемдік сипат» деп аталатын екі тараудан тұрады. Алғашқысында деректілік негізіндегі қолтаңбалардың жазушы шығармашылығындағы мол үрдісті болып, нақтылықтың өмір шындығын бейнелеудегі аса маңызды рөлі айқындалса, кейінгі тарауында ізденістің көркемдік сипаттан нәрленген мысалдары жүлгелене түседі. Бұл жерде өмір шындығы таусылғанда көркем шындық басталады деген қағиданың да салтанат құратынына дәйім көз жеткіземіз. Оның жарқын мысалын жазушының ең көп оқылған «Махаббат, қызық мол жылдар» романының желісінен аңғарамыз. Сондай-ақ патриотизмнің енжарылқап айдынындай болған «Ақиқат пен аңыз» роман-диалогындағы өмір шындықтарының көркемдік сипатпен астасуынан Халық Қаһарманы Бауыржан Момышұлының образы өшпестей болып сомдалғанын екінің бірі түйсінеді. Міне, талантты ғалым Мұратбек осындай нәзік иірімдерді дөп басып, шығарманың көркемдік желісіндегі ерекшеліктерді дөп  негіздей білгендігімен сүйсіндіреді.

«Замансөз заңғары» құнды еңбек

Мұратбек қалың етіп құрастырып, жалпақ жұртқа жария еткен келесі кітап «Әйгілі Әзаға» деп аталады. Мұнда Қазақстанның халық жазушысы, Абай атындағы Мемлекеттік және А.Фадеев атындағы халықаралық сыйлықтардың лауреаты Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат, қызық мол жылдар», «Ақиқат пен аңыз» романдарының тәрбиелік мәні туралы, сонымен қатар «Мәңгілік махаббат жыры», «Өмір өрнектері» және т.б. шығармаларының өскелең ұрпақтың рухани азығы тұрғысындағы естелік-әңгімелер жазушы болмысының темірқазығындай жарқырап, ұлттық намыстың бойтұмарындай боп елестейді.

Осы естеліктер кітабын Мұратбек Әзағаңның өмірден өткеніне жыл толуына орай жедеғабыл шығарды. Жұрт сүйсінді. Мұндағы естелік айтушылардың шоғыры кәнігілікпен таңдалуымен қатар, бұрынғыдай  Әзағаң туралы таптаурын әңгімеден аулақтанып, тың мысалдар мен өмірлік тыныс, сүйсінерлік жағдаяттар, адами болмыстың сирек өрімдері кеңінен қамтылғаны әрине, қанағаттандырады. Сонымен бірге «Әзағаң... деген екен» деген бөлімде естелік айтушылар туралы жазушының қысқа пікірлерінің екшеліп берілуі де тапқырлықтың бір көрінісіндей әсер етеді.

Ә.Нұршайықов туралы мазмұны өзара жымдасып, өзегі тамаша өрілген келесі үшінші кітаптың «Замансөз заңғары» деген атауынан-ақ автор М.Тоқтағазиннің бұл тақырыпты одан әрі толымды толғай түсетіндігі сөз әлпетінен аңғарылып тұрады. Мұнда жазушының әр жылдары жазған замансөздік туындылары, ой-толғаныстары нақты дәйексөздермен әдіптеле отырып ұсынылады. Сондай-ақ белгілі тұлғалардың классик қаламгер туралы баға-пікірлерінің тұтастай мығым өрнектеліп, күлтелене өрілуінен-ақ  кітап маңызы арта түскен. Осындағы төрт бөлімнің атауларынан аңғарылып тұрғандай («Замана айдынындағы замансөз», «Заманауи замансөзші», «Қайраткер қаламгер» және «Тәлімді тұлға»), Әзағаңның замансөз заңғарына айналған бүкіл жаңашылдық болмысы, өзіне тән таңқаларлық қолтаңбасы, жастар үлгі тұтарлық сөз екшеуі, фольклорлық таным биігі, азаматтық ақылман бейнесі, бәрі-бәрі жақұттай жарқырап, әр сананы дүр сілкіндіреді. Болмасаң да ұқсап бақтың еліткіш еңсесін көтере түсуімен сиқырлы әуенге басады. Міне, осындай өнеге-үлгінің тамызық көзін ғалым Мұратбек дөп басып, дөңгелентіп ала жөнеледі. Әр жүрекке сылдыр моншақтай тарту етеді. Осынысымен құнды бұл  кітабы!  

Белгілі ғалым Мұратбектің өзінің ізденістерінің өзегі етіп Әзілхан Нұршайықовты алуы тегіннен-тегін емес екені анық. Былайша қарағанда Әзағаң шығармашылығы екінің біріне сырын ашып, жұмбағын таптыра қоймайтын тылсымы терең, жасырын көмбесі жықпыл-жықпыл тосын иірімдерге толы таңсық қасиеттерімен күрделі ғой. Оған аңдап, оң-солын бағамдап бармаған адам қиын бұрылыстарға тап болуы кәдік. Бір адасқанның тура жолды түзулеп алуы да оңайға соқпайды емес пе? Ал біз білетін сара сөздің кәнігі білгірі, журналистика жампозы Мұратбек Әзағасының бойынан дарыған өзара табиғи үндестік үнімен ұстазының ұлы жүрегіне жол таба білгендігімен де осындай жоталы ғылыми жеңістерге абыроймен жетіп келеді екен. Соған тәнті боламыз.

Ғалым М.Тоқтағазин зерттеу нәтижесінде мынадай тұжырымдар жасайды: «Әзілхан Нұршайықов шығармалары – деректік негізге сүйеніп, көркем шығарма жазудың озық үлгісі. Ол – өмірде болған оқиға мен өзінің бастан өткерген жәйттерін көркем дүниеге айналдырып, толыққанды шығарма ретінде ұсынудың шынайы шебері. Әзілхан Нұршайықов – баспасөздің мектебінен шыққан жазушы. Ол журналистика саласындағы ұзақ жылғы тәжірибесін көркем әдебиеттегі кәсібіне тиімді пайдаланады, дерек пен мәлімет жинаудың шебері. Әзілхан Нұршайықовтың мемуарлық шығармаларында тұтас қоғамның өмір шындығы бейнеленген, оның күнделіктері қоғамдық тұрмыстың ғана емес, әдеби өмірдің де шежіресі. Бұл жазбалар қаламгерлік ортаның, жазушылар тіршілігінің ұзақ жыл бойы үздіксіз жазылған жылнамасы. Бұл жылнама Жазушылар одағының тарихына және қаламгерлер өміріне қатысты деректерді анықтауға, мәліметтерді нақтылауға, жүйелеуге мүмкіндік береді. Әзілхан Нұршайықов – ішкі мәдениетін, өзіндік жұмыс  тәртібін қалыптастырған жазушы». Мұндай әділдікке суарылған баға ешқашан маңызын жоймақ емес.

Қолжазбаларын оқытып, сирек суреттерін көрсетті

Мұратбек Әзағаңмен өмірде етене араласты. «Әттең-ай» дейтініміз, бертінде ғана ғылыми еңбегін жазу тұсында кештеу аралас-құралас болды. Бірақ сонда да дос-інісі ретінде оның мейірімге толы өмірінің шапағатына бөлене алды. Әзағаң ешкімнің қолын тигізбейтін өз архивімен Мұратбекті етене таныстыруға кең мүмкіндік берді. Мұның өзі жас ғалымның келешегінен көп үмітті болғанын айғақтайды. Қолжазбаларын оқытып, сирек суреттердің сырына қанықтырды. Аталық ақыл-кеңесін аямады. Журналистиканың жазылмаған құпияларымен бөлісті. Шеберлік тылсымдарына бойлатып, сөз мәйегімен тояттандырды. Жалпы баспасөз болашағына қатысты да ойларымен бөлісіп, қазақ журналистикасының келешегіне риясыз көңілмен сеніп, дегенмен әрдайым ескеретін қадау-қадау проблемаларын да жіпке тізіп беріп отыратын. Мұндай өткір де батыл пікірлері жас ғалымның ізденіс бағдарымен сәтті орайласып, нәтижелі қайтарым бергені бізге белгілі, әрине.

Жазушы мен журналистің жан жүрегімен пейілдес, мұраттас, қанаттас болуы – қазақ филология ғылымына орасан зор үлес қостырғаны бүгінде айна-қатесіз шындық. Демек, әзілхантану жалғасын таба бермек. Бұл сырлы әлемнің әзірге ашыла қоймаған тылсымдары әлі талай тосын құпияларымен тамсандыратын болады. Оған дәмелі болып, қалтқысыз сенетіндігіміздің  дәлелі – Мұратбек Тоқтағазиндей болашағынан зор үміт күттіретін әлеуеті зор ғалымның ертеңіне деген көңіл нәумезі, өмір қисыны, былайша түйіндегенде іңкәрлігіміз еді. Іңкәрлік –  шығармашылық бұла күшті оятады, серпілтеді, ғылым өртеңіне гүл өсіреді, болмайтынды болдыртады, сенбейтінге сендіртеді. Яғни, Мұратбектің мұратты істеріне демеу, алқалау туғызып, ғалым көкжиегін кеңейте түсуіне ынталандырады.

Әзілхантанушының бірі ретінде тап қазір мен Мұратбектің бүгінгі күйттеп жатқан ғылыми мұрасының алғы ғасырларға мол олжа сала беретініне өзімнің табысымдай таңданып та, қызығып та отырған жайым бар екенін, несіне жасырайын!

Жасырмаймын, жақын тарта түсем Мұратбегімді! Әзағаң жүрегінің лүпілі қос кеудемізді жарып жіберердей лүпілдей, атқылап тұрғаны несі екен?

Рухани жалғастық, әдеби әдіп, журналистік жылнама деген бір сиқыр Мұратбекті өмір айдынының, ғалымдық ғақылиялы сапардың, терең зерделеудің толқынымен арпалыстыра түссін! Асау толқынға қарсы мықтылар ғана өршелене жүзеді.

Қайсар Әлім,

 жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу