KZ
Өскемен
+6°
облачно с прояснениями жел 3 м/с, В
485.11 523.82 5.02

«Шахан-Атаның» атын шығарған өнім

7.08.2024, 11:34 423 Жанаргүл Мұқатай

Глубокое кентіндегі «Шахан-Ата» ӨКФ» кәсіпорнының нандары аудан орталығы мен Өскеменде нарықтағыдан әлдеқайда арзан бағамен, 120 теңгеден сатылып жатыр. Бұл әлеуметтік нанның бағасы, ал жалпы тұтынушыларға арналған нанның бөлкесі - 150 теңгеден.

Глубокоенің  тәттілері  Самарда да саудаланады

Қазіргі күні «Шахан-Ата» өндірісінде 120 адам жұмыс істеп жатыр. Кенттегі осыншама отбасы осы шағын кәсіпорында еңбек етіп, бала-шағасын асырап отыр.

-              Кәсіпорын басшысы Жаңабай Тастанбеков оңтүстіктен көшіп келіп, осы кентте 1997 жылы алғаш рет жеке кәсібін бастаған болатын. Бүгінде «Шахан-Ата» бүкіл шығысқа танылды. Қазір кәсіпорында нанның 20-дан астам түрі, тәтті тоқаштардың 40-тан астам түрі, торттың 80-нен астам, кондитерлік өнімдердің 100-ден астам түрі өндіріліп жатыр. Өндіріс қуаты - 1100 тонна, - дейді кәсіпорын өкілі Бұлан Оспанов.

«Шахан-Ата» өнімдерінің сапасы жоғары, бағасы қолжетімді. Өзге елден келіп жатқан тәттілердің қорабында өнімді бір айдан бірнеше жылға дейін тұтынуға болатыны көрсетілсе, «Шахан-Атаның» өнімдерінің сақталу мерзімі ұзаса бір аптаға дейін. Ал бұл жергілікті өнімдердің экологиялық жағынан таза екендігін, құрамында түрлі консерванттар қоспасының, ГМО, бояғыштардың жоқтығын көрсетеді.

Кәсіпорын өнімдері Өскеменнің барлық сауда дүкендерінде,  Шемонаиха, Риддер, Алтай, Катонқарағай, Самар аудандарының сауда орындарында сатылып келеді.

Бірнеше жыл бұрын «Жұмыспен қамту-2020», «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламаларына қатысып, несие алған кәсіпорын ол қаржыға өндірістік құрал - жабдықтарын жаңартып, өнім түрлерін көбейткен екен. Алдағы уақытта кәсіпорын басшылығы өз жұмысшыларының әлеуметтік жағдайын жақсартуға қолдау көрсетіп, кентте оларға арнап баспаналар салып беруді жоспарлап отыр.

-              Отбасыммен бірге осы кентте тұрамыз. Глубокоеде осындай дамып келе жатқан, шағын болса да қуатты кәсіпорынның жұмыс істеп жатқаны біздің болашаққа деген сенімімізді арттырып отыр. Осы зауытқа қарапайым наубайшы болып келгенмін, одан соң кондитер, шебер, аға шебер деңгейіне дейін көтеріліп, қазір технолог болып жұмыс істеп жатырмын. Зауыттың кондитер цехының жұмысына басшылық етемін. Мұнда прәндіктің өзінің ғана тоғыз түрін шығарамыз. Ең басты мән беретініміз - сапа, – дейді кондитер цехының технологы Айжан Ибраева.

 

Таулы Үлбіде түрлі нысандар салынбақ

Қазіргі күні Глубокое  ауданында 2650 бірлік шағын және орта бизнес субьектісі жұмыс істеп жатыр.

Биылғы  жарты жылдықта аудан экономикасына 8644,3 млн теңге инвестиция салынған.

Ауданда шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға мемлекеттік бағдарламалар аясында жан-жақты қолдаулар көрсетіледі.  Өңірдегі «Біртұтас кешенді бағдарлама» бойынша өткен алты айда 21 бизнес субъектісінің алған несиесіне мемлекеттен 762,8 млн теңге субсидия берілген.

 Былтыр 9,6  млн теңге қайтарымсыз грант алған екі кәсіпкердің жобасы биыл жүзеге асырылып жатыр.

 - «Лесное» ЖК былтыр грантқа алған 4,6 млн теңгеге кедр жаңғағы, таңқурай, құлпынай жемістері қоспасын жасайтын кремді цех өндірісіне құрал-жабдықтар сатып алды. Қазір өндіріс іске қосылды.  «Рыльский» ЖШС 5 млн теңгенің грантына Секисовка ауылынан ақ амур, карп, шаян өсіретін тоған шаруашылығын ашты. Өткен жылдың қыркүйек-қазан айларында «Ауыл Аманаты» жобасы бойынша 139,9 млн теңгеге 2,5% пайызбен 12 жобаға несие берілген болатын. Жобаның үшеуі туризмді дамытуға, тоғызы люцерн тәрізді мал азығындық дақылдарды өсіріп, мал шаруашылығымен айналысуға бағытталған. Аталған бағдарлама бойынша  2024 жылы 354 млн тенгеге 30 жоба ұсынылып отыр. Жобалар жиһаз жасау, нан-тоқаш өнімдерін пісіру, туристік қызметтерді дамыту, көкөніс өсіру және оны қалбырлап шығару, мал сатып алу, мал сою алаңын ашу, сияқты жұмыс істеп тұрған кәсіп түрлерін  кеңейтуге арналған, - дейді  Глубокое ауданы әкімінің орынбасары Евгения Литвиненко.

Атап айтарлық жайт, Глубокое ауданында туризм қарқынды дамып, туристік қызметтер көрсету сапасы жақсарып  келеді. Бұған ауданның облыс орталығынан аса қашық еместігі, өңір табиғатының ерекше көркемдігі де оңды ықпалын тигізіп отыр.

  Биыл Быструха ауылындағы  «Заречье» эко-отелінде 25 төсек-орындық үш VIP-коттедж, монша, балалар алаңы салынып, айналасы көріктендірілген.

                Қыста Таулы Үлбідегі «Алтай Альпісі» тау шаңғысы курортында 96 төсек -орындық 24 нөмірлі қонақүй пайдалануға берілді.

Көптің жиі баратын демалыс орнына айналған «Зиновьевка» демалыс базасында балалар алаңы салынып, мейрамханада балалар бөлмесі ашылған. 

Глубокое ауданы әкімінің орынбасары Е. Литвиненконың айтуынша, бүгінгі күні ауданда туризмді дамытуға бағытталған «G-Ulba - Алтай Альпісі» тұжырымдамасы жүзеге асырылып жатыр. Осы тұжырымдаманы іске асыру барысында ауданда бірнеше жылдың ішінде бәсекеге қабілетті түрлі туристік нысандар, бағыттар құрылмақ.

 2024-2026 жылдары Таулы Үлбі ауылында көру алаңын, кемпинг аймақ, жәрмеңкелік сауда алаңдарын, жағажай, аллея, балалар алаңын салу жоспарланып отыр.

Ал Таулы Үлбі ауылындағы «The Forest» мейрамханасында SPA орталығы, қонақүй, жабық бассейн, футбол алаңы және басқа да қызмет көрсету нысандары пайда болмақ.

 Осы ауылдағы «Алтай Альпісі» тау шаңғысы кешенінде қонақ үй, жылы күркелер, аспалы жолдар, бэби-жеделсатылар салынады.

Жол бойындағы сервистік қызметтерді дамыту үшін Зимовье ауылы мен Таулы Үлбі ауылында екі санитарлық-гигиеналық торап орнатылады. Жоғарыда аталған жобаларды жүзеге асыруға 2 млрд теңге жұмсалмақ.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив