ШҚО кәсіпорындары жұмысшыларына 158 млн теңге қарыз
фото: depositphotos.com
Жыл басынан бері облысымыздағы жұмыс берушілердің 498 жұмысшысы алдындағы 308,3 миллион теңге мөлшеріндегі жалақы берешегі 158,9 миллионға дейін азайды. Яғни, үш айда берешек мөлшері 51,5 пайызға кеміді деген сөз.
Бұл туралы облыстық Мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы басшысының орынбасары Қайрат Әбілқайыров мәлім етті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Белгілі болғандай, 4 сәуірдегі жағдай бойынша екі кәсіпорынның 328 жұмысшысы алдындағы берешегі 149,4 миллион теңгені құрап отыр. Атап айтсақ, «Кэмонт» АҚ 286 қызметкеріне 136,8 миллион теңге, ал «ШығысСтройГрупп» ЖШС 42 жұмысшысына 12,6 миллион теңге қарыз екен.
Сондай-ақ, «Востокшахтострой» АҚ 183 жұмысшысының алдында қызметтік міндеттерін орындау кезінде өмірі мен денсаулығына келтірілген зиянды өтеу бойынша 51 миллион теңге сомасындағы берешегі бар екені белгілі болды. 2023 жылғы 9 қазандағы сот шешімімен кәсіпорын банкрот деп танылған. Ағымдағы жылдың 19 ақпанында банкроттықты басқарушы тағайындалып, кредиторлар талаптарының тізімін жасау бойынша жұмыс басталды.