Отаның 60%-дан астамы аз инвазивті әдіспен жасалады – ШҚО
Шығыс Қазақстан облысының көпсалалы онкология және хирургия орталығында емдеудің аз инвазивті әдісін қолдану аясы кеңейіп келеді. Бүгінде орталықтағы операциялардың 60%-дан астамы осы әдіспен жасалады.
Онкогинекологиядағы лапароскопиялық операциялар қатерсіз гинекологиялық ауруларды емдеудегі «алтын стандарт» саналады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Аз инвазивті хирургия дегеніміз бұл үлкен тіліксіз, кішкене тесіктер арқылы жасалатын хирургиялық оталар. Мұндай оталардың ерекшелігі – тіндер мен ағза көп зақымданбайды. Соның нәтижесінде операциядан кейінгі асқынулардың қаупі айтарлықтай төмендейді және науқастар бұрынғы қалпына тез оралады.
Орталықтың маммология және онкогинекология бөлімі меңгерушісі Серік Мұхамеджановтың айтуынша, мұндай операциялар бірқатар маңызды артықшылықтарға ие: ауруханада жату мерзімі қысқарады, ауырсыну синдромы аса білінбейді, науқас тез оңалады және эстетика тұрғысынан алғанда жақсы косметикалық нәтижеге ие.
Аталмыш клиниканың онкохирургиялық бөлімшесінде кеуде қуысы органдарына операциялар жетекші шетелдік клиникалардың тәжірибесі бойынша заманауи технологияларды енгізе отырып, жасалады. Ең жақсы әдістердің бірі- VATS -бейне-көмекші торакоскопия. Бұл әдіс кезінде ота бір тесік арқылы ғана жасалады.