ШҚО-да енді сейсмикалық жаттығулар тұрақты түрде өткізіледі
Сейсмикалық жаттығуларға өңірдің барлық азаматтық қорғау қызметтері, кәсіпорындар мен өнеркәсіптік нысандар, білім беру және денсаулық сақтау мекемелері, барлығы 615 ұйым қатысты. Мүмкіндігі шектеулі жандар мен адамдар көп жиналатын нысандарға ерекше назар аударылды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Жаттығу барысында азаматтар үй-жайлардан далаға шықты немесе ғимараттарда қауіпсіз орындарды тапты. Білім беру нысандарында тәрбиешілер мен мұғалімдер балаларды сыртқа шығарса, дәрігерлер науқастарды қауіпсіз жерге орналастырды, ал өнеркәсіп нысандарында жабдықтарды шұғыл тоқтату іс-қимылдары пысықталды.
«Жер сілкінісі кенеттен болатын жағдай. Өкінішке орай, оны ғылым да алдын-ала болжай алмайды. Сондықтан алғашқы сілкіну кезінде іс-қимыл тәртібін үнемі жетілдіріп отыру маңызды. Азаматтармен оқыту жаттығулары өткізіліп, ғимаратта қауіпсіз орындарды қалай табуға болатындығы түсіндірілді. ТЖД мамандары нысан басшыларына осындай жаттығуларды тұрақты негізде өткізу қажеттігін ұсынды», - деді ШҚО ТЖД бастығының орынбасары Қуатбек Кенжебекұлы.