ШҚО-да жер қойнауын игеру және инвестиция тарту мәселесі талқыланды
Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен келген Өнеркәсіп және құрылыс, Экология және табиғи ресурстар министрліктерінің өкілдері тұрғындармен кездесу өткізді. Оған Самар, Күршім, Марқакөл, Үлкен Нарын, Глубокое аудандарының тұрғындары қатысты, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Шығыс өңірінің түсті металлургияда әлеуеті зор. Сондықтан саланы одан ары дамыту өте маңызды және бұл мақсатта бірқатар жоба қолға алынған. Соның бірі – Самар ауданындағы «Каскад-Н» ЖШС-нің пайдалы қазбаларды игеру жобасы.
Бұл жоспарлы түрде, заң аясында іске асып жатқан жұмыс. Алайда жұртшылыққа ақпарат дұрыс жетпегендіктен түрлі сұрақтар туындаған. Кездесуде осы сұрақтарға толық жауап берілді.
Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Иран Шархан Самар ауданында жер қойнауын иегеретін кәсіпорын іске қосылса жергілікті тұрғындар тұрақты жұмыспен қамтылатынын айтты. Оған қоса тиісті әлеуметтік төлемдер де төленетін болады. Ал құрылыс жұмыстарына заң тұрғысынан ешқандай кедергі жоқ.
Марқакөл ауданының тұрғындары ведомство өкілдеріне шалғайдағы өңірге де инвестор тартып, өнеркәсіпті жандандырып, сол арқылы тұрғындарды жұмыспен қамту туралы өтініш айтты. Ал Глубокое ауданы, Белоусовка кентінің тұрғындары болса жергілікті жердегі кеніштерді жаппауды, жұмыс орындарын сақтап қалуды сұрады. Бұл пікірді самарлықтар да қуаттады.
Самарлықтарды алаңдатып отырған жәйт – заңсыз кен қазушылардың әрекеті. Олар жайылым жерлерді астын үстіне шығарып қазып тастайтын көрінеді. Өрістеген мал шұңқырларға құлап, арам өліп жатқанын айтты жұртшылық.
Облыс әкімінің орынбасары Дархан Сапанов кен қазылатын екі жүзге жуық аумақ қайта тексерілетінін айта келе қоғамдық бақылау күшейтілетінін атап өтті.