ШҚО-да «Жазғы мектеп» өткізілуде
фото: depositphotos.com
27-31 мамыр аралығында «Жазғы мектеп» басталды. Ол еліміздегі су тасқынынан зардап шеккен өңірлердің оқушылары, сондай-ақ қыста қашықтан оқығандар үшін ұйымдастырылған, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Өңіріміздің табиғи-климаттық жағдайына байланысты мектеп оқушылары қысқы уақытта кей күндері қашықтан оқуға мәжбүр болды.
Облыс әкімдігінің мәжілісінде білім басқармасының басшысы Иннеса Чернышева айтып өткендей, ағымдағы жылы қашықтан оқыту 3-7 күнге, кей аудандарда 24 күнге дейін болды.
Осыған байланысты 27-31 мамыр аралығында білімдегі олқылықтардың орнын толтыру мақсатында жазғы мектеп ұйымдастырылды.Жазғы мектеп 9 932 баланы қамтитын болады.
Айта кетсек, жазғы мектеп кезінде мұғалімдер балаларға баға қоймайды және үй тапсырмасын бермейді. Негізгі мақсат – оқушылардың білімінде жіберілген олқылықтардың орнын толтыру арқылы білім сапасын арттыру.
«Жазғы мектепке» балалар өз еркімен және ата-аналарының келісімі бойынша қабылданады.