Оқу-жаттығулар барынша шынайы жағдайда өтуге тиіс – ШҚО әкімі (видео)
Бұған дейін Шығыс Қазақстан облысында төтенше жағдайлар жөніндегі вице-министр Ерлан Нұрпейісовтің басшылығымен «Жер-2024» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы басталғанын хабарлаған болатынбыз.
Оқу-жаттығуға Абай, Жетісу, Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстарынан, Ұлттық ұлан бөлімшелерінен, Қорғаныс министрлігінің әскери бөлімдерінен бес мыңға жуық адам қатысып жатыр. Сондай-ақ мыңнан астам техника жұмылдырылды, деп хаарлайды Altainews.kz тілшісі.
Шығыс Қазақстан сейсмикалық тұрғыдан қауіпті аймақ саналады. Өңірдегі 344 елді мекеннің 75-і тоғыз балға дейінгі жер сілкінісі болуы мүмкін аймақта орналасқан. Мамандар жер дүмпуі кезінде төрт мыңнан астам тұрғын үй қирауы ықтимал деген болжам жасап отыр. Бұған қоса жер сілкінісі су тасқыны, сел, қар көшкіні, өрт сияқты апаттардың, сондай-ақ техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың себепшісі болуы мүмкін екенін айтады төтенше жағдай мамандары. Ал бүгінгідей оқу-жаттығулар сол апаттарға қаншалықты дайын екенімізді аңғартуға тиіс.
Оқу-жаттығудың сценарийі бойынша, аймақта жер сілкінісі болып, көптеген ғимарат қираған. Оқиға орнына «Қазавиақұтқару» қызметінің тікұшағы жетіп, табиғи апаттың салдарын, қираған ғимараттардың санын тіркеуге кірісті. Дабыл дыбысынан кейін тұрғындар үйлерін тастап, облыстың барлық қаласы мен аудандарында ашылған эвакуациялық пункттерге қарай ағылды. Артынша алғашқы көмек алған халық қала сыртындағы лагерьлерге жеткізілді.
Оқу-жаттығу аймағына келген облыс әкімі Ермек Көшербаев бұл істе барлық қызметтің практикалық дағдылары мен үйлесімділігін жетілдіру өте маңызды екенін атап айтты.
Айта кетейік, соңғы уақытта Шығыс Қазақстанда жүйелі түрде халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіліп келеді. Мамандар тұрғындарға зілзала кезінде аман қалу үшін не істеу керектігін түсіндіреді. Биылғы «Жер-2024» оқу-жаттығуы аясында мұндай жұмыспен 83 мыңнан астам адам қамтылған. Жалпы, жыл басынан бері облыста 1 815 рет сейсмикалық жаттығу өткізіліпті.
Өскемен қаласының маңында 1 700 адамға шақталған үш шатырлы лагерь орнатылған. Сондай лагерьдің бірі Ұлан ауданының орталығы Қасым Қайсенов ауылының іргесінде орып тепкен. Осыған ұқсас шатырлы қалашықтар облыс аудандарында да бар. Мұнда жер сілкінісі кезінде зардап шеккен тұрғындарға барлық қажетті көмек көрсетіледі. Жұмысқа еріктілер де жұмылдырылған.