Шемонаихада орман өрттерін сөндіруге қаншалықты дайын?
ШҚО Шемонаиха ауданында орман өрттерін сөндіруге күштер мен құралдардың өзара іс-қимылы мен дайындығын тексеру бойынша оқу-жаттығулар өтті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
ШҚО ТЖД ақпараты бойынша, шартты өртті сөндіруге өрт сөндіру қызметінен, орман және шаруа қожалықтарынан, жергілікті атқарушы органдардан 15-тен астам техника мен жеке құрамның 45 адамы жұмылдырылды.
Мұндай оқу-жаттығулар кезінде жеке құрамның жұмысын үйлестіру және техниканың жұмысқа жарамдылығы тексеріледі.
«Орман өрті кезінде барлық қызметтер үйлесімді және жылдам әрекет ету үшін біз күштер мен ресурстарды барынша тарта отырып, ең нашар сценарийді әзірлеуге тырысамыз. Басты міндет – өрттің елді мекендерге таралуына жол бермеу», -деді аудандық ТЖБ бастығы Василий Ермалкович.
Шара барысында орман өртін оқшаулау және жою үшін барлық қолда бар құралдарды пайдалану мәселелері мен өрт сөндіру тактикалары пысықталды.