Мәжіліс депутаты Ахметовтің күдікті ісін жария етті

Фотоколлаж: Azattyq Rýhy / Әбілқасым Есентаев
Мәжіліс депутаты, заңгер Абзал Құспан әлеуметтік желідегі жеке парақшасында оқырмандарынан келген хаттарды жариялап жатыр, деп хабарлайды Altainews.kz сайты Azattyq Rýhy сайтына сілтеме жасап.
Абзал Құспан ел азаматтарынан заң бұзу фактілері туралы, әсіресе, бұрынғы шенеуніктерге қатысты көп арыз-өтініш түсетінін айтты. Заңгер экс-әкім Даниал Ахметовке қатысты түскен ақпаратты таратып отыр.
Дәл осы Ахметовке қатысты келетін арыздардың ішінен Абзал Құспан бір мысалды жария етіп, күдікті жайттардың басын ашты.
«Даниал Ахметов әкім боп тұрған кезде Өскемен және Семей қаласы көшелерін жарықтандыру үшін ЕБРР (Европа қайта құру және даму банкі) арқылы 3, 6 млрд, оған қосымша бюджет тарапынан 1, 2 млрд, барлығы 4, 8 млрд бөлінген екен. Шағым иелері бұл жобаға Даниал Ахметов тарапынан жеке лобби жасалғанына дәлел ретінде оның әкім боп тұрғанда банктің Лондондағы офисіне келіссөз жүргізуге өзі барғанын айтады», - деп жазған депутат мәселе тіпті лоббиде емес, ақшаның желге ұшқанында дейді.
Бұл ретте Абзал Құспан қолындағы құжаттарға қарап, «осы күмәнді келісімге қатысқан екі компанияны – ШҚО әкімдігі ашқан «Региональный центр ГЧП ВКО» АҚ мен Тайваньда тіркелген «Everlight Electronics Co. LTD» компания атап өткен.
Облыс орталығындағы көшелердің жарықтандырылуына қатысты тұрғындардан жиі шағым түсетіні рас. Атап айтқанда Буров, Мыза, Л. Толстой, Гагарин бульвары сияқты орталық көшелерде тұрғындардың шағымына байланысты жарық шамдары ауыстырылған. Естеріңізге сала кетсек, Өскемен қаласының жарықтандыру желісін жаңғырту жобасы осыдан бірнеше жыл бұрын басталған. Жоба бойынша ескірген 16 мың шамды жарықдиодты электр үнемдегіш түріне ауыстырып, жарық ағынын бірқалыпты реттеуге қол жеткізу көзделген.
Айта кетейік, Даниал Ахметов Шығыс Қазақстан облысын 2014 жылдан бастап 2023 жылға дейін басқарған әкім.