«Талдықорған-Өскемен»:жол жұмыстары жуық арада аяқталады
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жалпы ұзындығы 768 шақырым болатын «Талдықорған-Қалбатау-Өскемен» автожолы дәлізін қайта жаңарту жобасы іске асырылып жатқанына біршама уақыт болды. Аталған жолдың 102 шақырымы «ҚазАвтоЖол» ҰК АҚ Шығыс Қазақстан облыстық филиалына бекітілген. Бүгінде Шығыс Қазақстан облысына қарасты жол бөлігіне асфальт төсеу жұмысы толығымен аяқталған. Ендігі кезекте жол белгілерін орнатып, жолақтарды сызу, жарықтандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Бірнеше жылдан бері салынып келе жатқан жолдың жалпы құны 33,3 млрд теңге. Жол құрылысын монтаждау жұмыстары 2019 жылы басталғанмен дер кезінде аяқталмаған. Жауапты тұлғалар оның себебі COVID-19 пандемиясына байланысты екенін айтады.
– Жол құрылысының ұзаққа созылуының негізгі себептері COVID-19 пандемиясына байланысты болды. Сондай-ақ пандемиядан кейін Қазақстан тарапынан консорциумға қатысушы жедел қалпына келе алмады және жұмысты ұйымдастыра алмады және Қытай тарапынан Консорциум көшбасшысына басталған жобаны толығымен өзі аяқтау туралы шешім қабылданды. Оны ұйымдастыруға да уақыт біраз уақыт кетті. Қазіргі уақытта Шығыс Қазақстан облысы бойынша Қалбатау кентінен Өскемен қаласына дейінгі дәліз учаскесі аяқталу сатысында. Негізгі жол бойында ұзындығы 102 км асфальтбетон жабынының құрылысы толығымен аяқталды. 7 көпір мен 97 су өткізгіш құбыр салынды, – деді «ҚазАвтоЖол» АҚ Шығыс Қазақстан облыстық филиалы директорының орынбасары Алтай Елдосұлы.
Қазіргі уақытта жолды абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Нақтырақ айтқанда жол жиектерін нығайту, тосқауыл қоршауын орнату, су ағызу науаларын, қар ұстайтын қоршауларды орнату, жол бетін таңбалау, жарықтандыру, жол белгілерін орнату және тағы да басқа жұмыстар қарқынды жүргізіліп жатыр.
Автожол учаскесінің осы бөлігінде 70 бірлік құрылыс техникасы және 120 адам жұмыс істеп жатыр. Жауапты мердігер ұйымының өкілдері алдағы айларда нысанды пайдалануға толыққанды беру жоспарлануда екенін айтты. Сондықтан да жұмысшылар күні ұзақ жұмыс істеп жатқан көрінеді.