KZ
Өскемен
-9°
пасмурно жел 4 м/с, ОШ
516.13 538.01 5.29

Менің әкем – менің мақтанышым!

17.02.2021, 11:47 890

Әкем Орынбасар Раимбаев нағыз еңбекқор жан еді. Ол жас кезінен бастап өмір бойы механизатор, тракторшы, қой қырқушы болып жұмыс істеді. Көктемде – егін егу, жазда – қой қырқу, күзде – астық жинау. Ол туралы замандастары әрдайым: «Оркен тағы да алда» деп айтатын.

Әріп танып, оқуды үйренгеннен бері үнемі ауданымыздың «Путь Ильича» газетін қолыма алып, әкемнің қалай жұмыс істейтіні туралы мақалаларды оқитынмын. Басылым бетінде әрқашан кесте түрінде кімнің қанша қой қырқып, қанша астық орғаны көрсетілетін.

Кейде әкемнің қызыл комбайны үйіміздің қасында тұратын, сол кезде менің мақтанышымда шек болмаушы еді және мен әрқашан «Менің әкем – механизатор» дейтінмін.

Әкем таң атпай жұмысқа кетіп, біз тәтті ұйқыда жатқан кезде оралатын. Кейде оның үйге кіргенін естіп жататынмын. Анам дастархан жайып, екеуі шай ішіп, күннің қалай өткені туралы шүйіркелесіп отыратын. Көп жағдайда олардың күбірлерінен маужырап ұйқыға кететін едім. Бұл ең бақытты күндер еді, ол шақта біздің басты жұмысымыз тек жақсы оқып, үй шаруасына қолғабыс жасау болатын.

Қыс мезгілінде жақсы жұмыс істегені үшін басшылық әкемізді денсаулығын жақсартып келсін деп шипажайға жіберетін. Әкем әрқашан сапардан бәрімізге – әжемізден бастап үйдегі ең кішкентайға дейін қызықты әрі әдемі заттар алып келуші еді. Маған тастардан жасалған алқа әкелгені есімде, сол кезде өзімді кішкентай патшайымдай сезіндім!

Әкем ата-анасының ең жақсы ұлы болды және өте сирек болатын демалыс күндері, кейін зейнетке шыққан кезде де әр таңын анасымен, яғни сүйікті әжемізбен бірге отырып, бір кесе шай ішуден бастайтын. Ол тұра сап, әжеммен амандасатын, әжеміз болса, шай қоятын. Шай қайнап жатқанда әкем сыпырғышты алып, еденді сыпырып, шаңды сүртеді. Дәл осындай рәсім кешке қайталанатын. Со кезде мен оның бұл әрекеттерін әдеттегі жағдай деп қабылдайтынмын. Енді мен мұның балалық сүйіспеншілік пен анаға деген құрметі екенін түсінемін.

Ол әкесі – партия мүшесі және көпшілікке сыйлы адам – Раимбаев Уалқанның өнегесін көріп өсті. Әкесі ол үшін өмірлік үлгі тұтар жан болды, ал әкесі болса, ешқашан өз ұлы үшін жерге қараған емес. Ол ата-анасына деген құрмет сезімін ғұмырының соңғы күндеріне дейін көрсетіп өтті. Ол көп жұмыс атқарғандықтан әрі өте жауапты адам болғандықтан, әр істі өз жүрегінен өткізіп барып істейтін, осының кесірінен әкем үш рет инсульт алды. Бірақ, ол өзінің ер жеткен балаларына қамқорлық көрсетуді ұмытпады. Әкеміз балалары қиналмау үшін соңғы сиырын союға дайын болатын. Ол жомарт жан болды және 90-шы жылдардағы қиын заманда немерелерінің оқуына көмектесті. Оның үйінде әрқашан ет, ұн, картоп болатын. Соңғы дүниесі болса да, ол барлық туыстарымен бөлісіп жүрді. Анам бізде ештеңе жоқ екенін көзімен көрсетсе де, ол оны байқамағандай сынай танытатын. Олар жалғыз қалғанда, әкем «Ештеңе етпейді, бізге жетеді, ал олар қалада ғой, қиналады» дейтін.

Әкемнің қайтыс болғанына он жыл болды, бірақ ол әлі күнге дейін балаларына көмектесіп келеді. Өмір бойы жұмыс істеген «Багратион» совхозында балаларына мұра болып қалған оның жер телімі қалды.

Совхоз директоры Василий Григорьевич Воропайға мың да бір алғыс айтамын! Оның әкемнің қайтқан күні қоштасуға келгені әлі есімде, ол әкемнің басында үнсіз тұрды, бірақ бұл үнсіздікте терең мағына жатқан еді...

Ол кісі совхоздың қалыптасуы мен өркендеуіне үлес қосқандарды және қазір де қажырлы еңбек етіп жүрген адамдарды бағалай біледі.

Өмір бойы мен әкемнің мақтанышы болуға тырыстым, ол менің оқуым және кейінірек жұмысым үшін ешкімнен ұялмасын деп талпындым. Ол әрқайсымыздың, балаларының, немерелері мен туыстарының жетістіктеріне балаша қуанатын!

Бұл өте шынайы сезімдер болатын. Әкеміз адал, шыншыл, әділ, мейірімді, шыдамды әрі өте жомарт адам болған еді.

Өз ерен еңбегі үшін екі мәрте «Еңбек Қызыл Ту» орденімен және «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды. Асқар таудай әкемнің болғаны үшін тағдырыма ризамын және біздер – оның балалары өмір бақи әкеміздің рухына құрмет көрсетіп, әрдайым сағынышпен еске алып жүретін боламыз! Мен үшін және бәріміз үшін ол кісі – нағыз Еңбек адамының жарқын үлгісі!

 

Дина Раимбаева

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу