Даниал Ахметов Жеңіс күні несімен маңызды екенін айтты (ВИДЕО)
Облыс әкімі Даниал Ахметов соғысқа қатысқан ата-анасы туралы естелігімен бөлісті, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
"9-мамыр мен үшін өте маңызды күн. Өйткені біздің елімізде соғыс зұлматын көрмеген отбасы жоқ. Менің атам да, әкем де майдангер.
Әкем 1939 жылдан бастап, 6 жылдан астам соғысқа қатысты. Ауыр жараланды. Отан үшін қан төкті. Басында танкист, одан кейін артиллерист болды. Ерлігі үшін 5 медаль, «Отан соғысы» орденімен марапатталды. Соғыстан аман келіп, бізді, төрт баланы өсіріп, оқытып, еңбекке үйретті. Жұмысқа араласып, елді көтерді.
Ұлы Отан соғысына Қазақстаннан жалпы 1 миллион 360 мың адам қатысты. Оның жартысынан көбі, 630 мың адам елге оралмай, қаза тапты.
Майдангер атамның, жауынгер әкемнің есімі мен үшін өте қасиетті! Оларды еске алу, құрметтеу менің перзенттік парызым! Біз, Батыр әкелердің – бақытты ұрпағымыз!" - деді Даниал Кенжетайұлы Ахметов.