Дәл тиді сығалып кеп жаудың оғы, жасым бар 24-те барлық жоғы
Әкем туралы бір үздік сыр...
Ғасыр жылжып барады. Ұлы Отан соғысының зардапты күндері алыстаған сайын оның салған азабы да ерлікке толы аңызға ұқсап бара жатқандай. Бүгінде осы бейбіт күнді бізге тарту еткен сұрапыл соғыстың майдангерлері туралы тек естеліктер ғана қалды.
Әкем Ұлы Отан соғысына қатысып, басынан өткен ауыртпашылықтар туралы сирек ой қозғайтын. Әр жеңіс күнін салтанатпен қарсы алатын. Ол күн біздің отбасының ең маңызды мерекесі еді.
Әкемнің ақындық өнері болатын. өзінің өмірі жайлы, соғыста көрген қиыншылықтары туралы өлеңмен естеліктер жазып кетті....
Менің әкем Ахметхан Айтказин 1939 жылы әскер қатарына алынады. Азаматтық борышын Самарқан қаласында Орта Азия округі 73-ші таулы-атты әскер полкінің 76-шы батареясында атқарып жүргенде соғыс басталады. Сол жерден майданға аттанады. 1941 жылдың маусымынан қазан айына дейін Батыс майданның Смолен облысының 106-шы атқыштар дивизиясында болады. Соғыстың өршіп тұрған кезі. Олар қоршауда қалады. Соғыса ілгері жүріп қоршауды бұзбақшы болады. Алайда немістердің жазалаушы отряды ұстап алып, қызылордалық майдандас жауынгер досы екеуін Дорговуч деген қаланың қасындағы үлкен лагерьдегі тұтқындарға қосады. Тұтқындағы совет адамдарының аштық пен суықтан әбден қалжырағанын көреді. Сол түні амалын тауып досы Миша екеуі тұтқыннан қашып шығып, жақын маңдағы ауылға жетеді. Түнде ауыл маңындағы шөмелелерді паналайды. Таң ата шөп жинауға келген ауыл әйелдерінен жөн сұрай келе таяуда немістердің келетінін естіп ілгері жылжиды. Компастың көмегімен жүре-жүре Днепр өзенінің жағасына жетеді. Сол маңдағы орыс қарияның қайығымен өзеннен аман өтеді. Мақсат – оңтүстік-шығыстағы кеңес әскерінің алдыңғы шебіне жету. Алайда кешқұрым фашистер оларды тағы қолға түсіріп, төбенің басындағы ашық алаңға жинаған тұтқындарға әкеліп қосады. Күн суық. Тұтқындар аш. Өлгендер көп. Таңертең тұтқындармен бірге әкем мен оның досы Мишаны да лагерьге алып кетеді. Қалың тұман түскен. Ебін тауып әкем досы екеуі тағы қашады. Тұманнан болар немістің жаудырған оғынан аман қалған екеуі таяудағы ауылға жетеді. Сол жерде орыстың бір қариясына жолығып, үйін паналайды. Жұмыс істейді. Екі аптадан соң жақын жерде партизан отрядының бар екенін естіп, Смоленск облысындағы Шмелев басқаратын партизан отрядына келіп қосылады. Осы жердегі ұрыста досы Мишадан айырылады. Немістердің үздіксіз шабуылы азық-түлік таситын ұшақтардың қонуына кедергі жасайды. 9 ай бойы осы партизан отрядында болады. Отряд командирі шілде айында барлығын жинап алып, енді бұл жерде тұра бермейтіндіктерін айтып соғыс шебіне өтуді жоспарлайды. Сөйтіп қариялар мен әйел, балалар қалып, жүзге жуық жауынгер жолға шығады. Түнделетіп жол жүреді. Азық, оқ-дәрі азаяды. 1942 жылы 11 маусымда немістің жазалаушы отрядына шабуыл жасайды. Сол ұрыстан он шақты жауынгер ғана аман қалады. Бірақ олардың азығы да қаруы да қалмаған еді. Қайыңның қабығы мен шөп қайнатып ішіп жан шақырады. Сөйтіп ілгері жүре-жүре 1942 жылдың 18 маусымында алғы шептен бірақ шығады. «Особый» бөлімінде оларды әбден тексеріп Москва түбіндегі Сталиногорск шахтасына әкеліп салады. НКВД-ның фильтрационный лагерінде 6 айдан болып, қатаң тексерістен кейін қайта әскерге алынады. Осыдан барып Батыс майданның «Мәскеу әскери округы» 421 полктың 119 дивизиясына түседі. Осы қанды соғыста барлауға шыққан әкеме оқ тиеді. Белінен тиген оқ сол жақ жамбасының басын жұлып, ішегін тесіп шығады.
«Дәл тиді сығалып кеп жаудың оғы,
Жасым бар 24-те барлық жоғы,
Атылған оқ, аспаннан түскен бомба,
қайран қалып жатырмын ойлап соны...» деп жазады бұл жағдайды әкем өлеңмен.
Дала майданынан екі жауынгердің қолтықтауымен ұзақ жол жүріп жаралыларды жинайтын арбаға жетеді. 2816-шы госпитальда ота жасалады. Бұл 1943 жылдың қараша айы еді. Сол жылы «Ерлігі үшін» медалін алады. Сөйтіп, 1944 жылы тамыз айында елге аман оралады.
Соғыс жылдарында көрген қиыншылығы мен алған жарақаты әкемнің өмірге деген құлшынысын баса алмады. Келген соң кеңестік сауда бөлімінің мамандарын даярлайтын техникумды тәмамдап, ұзақ жылдар еліне адал қызмет атқарады. 1962 жылдардан бастап зейнетке шыққанға дейін Аягөз ауданының Таскескен ауылындағы сауда бөлімдерінің төрағалық қызметтерін мүлтіксіз атқарады. Әріптестері әкемнің адамгершілік қасиеттерін жоғары бағалап, жастарға үлгі етті. Әкем, анам - Жамалтай Нұрбекқызымен бірге бес ұл, екі қыз сүйіп, бәріміздің саналы азамат болып өсуімізге барын салды. Ұрпағына өнеге көрсетіп, өміршең естеліктерін қалдыра білді.
Бауыржан Айтказин