Күршімдік оқушылар Азия чемпионатында алтыннан алқа тақты

№3 Күршім гимназиясының оқушылары Казбеков Төрежан мен Құмарғазы Алдияр Дубай қаласындағы Азия біріншілігінен жеңіспен оралды.
Аудан жұртшылығы жас чемпиондарды салтанатты түрде қарсы алды, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Ағымдағы жылдың наурыз айында жас спортшылар Шығыс Қазақстан облысының құрамасында өнер көрсетіп, армрестлингтен Қазақстан чемпионатының жеңімпаздары атанған болатын. Артынша ел намысын қорғау үшін Азия чемпионатына аттанған олар жанкүйерлерінің үкілеген үмітін ақтап қана қоймай, байрақты бәсекеде еліміздің атын шығарды. Жерлестері спортшыларды салтанатты түрде қарсы алып, жаттықтырушы Заңғар Ашмановқа алғыстарын білдірді.
Спортшылар да халықтың қолдауы оларды ынталандыратынын айтып, алда жаттығуларын күшейтуді жоспарлап отырғандарын жеткізді.