KZ
Өскемен
+11°
небольшая облачность жел 1 м/с, С
439.43 473.31 4.82

"Торпедо" деп ұрандап бара жатты...

23.10.2023, 10:38 770 Оразай Жеңісұлы

Облыс орталығындағы Б.Александров атындағы Спорт сарайында тартысты хоккей матчының куәсі болдық.

Өскемендік «Торпедо» қызылжарлық «Құлагермен» күш сынасты, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.

Қазақстан чемпионатының кезекті туры Республика күні қарсыңына дөп келіп отыр. Соған орай жергілікті клубтың бас демеушісі – «Kazzinc» ЖШС жанкүйерлердің құрметіне ойын-сауық және әртүрлі бағытта байқау ұйымдастырды. Жеңімпаздарға қолтаңбалы жейде және басқа да бағалы сыйлықтар табысталды.

 

– Біздің компания Республика күніне орайы бірқатар мерекелік іс-шара ұйымдастырмақ. Бүгінгі ойын-сауықтық бағдарлама соның ең алғашқысы деуге болады. Біз елдік мерекені барша қызметкерлерімізбен бірге атап өтеміз. Бұл, шынымен де, өз мәртебесін қайта тапқан ерекше мереке, – деді «Kazzinc» ЖШС-ның әкімшілік мәселелер жөніндегі атқарушы директоры Андрей Лазарев.

Мерекелік көңіл-күй көк жалауша ұстаған жергілікті жанкүйерлерді одан сайын лепіртіп, матчтың ажары ашыла түскендей еді. «Торпедо» ойыншылары салған жерден тап беріп, қарсылас қақпасын торуылдаумен болды. Дегенмен бірінші кезеңнің соңында ғана бұл қақпадан саңлау табылды. 1-0. Екінші кезеңнің басында қарсылас та қарап қалмай, жауап қатты. Сонда «Торпедо» тағы бір шайба тоғытты. «Құлагер» болса қалысар емес. Ойын бойы өскемендік клубты өкшелеумен болған қызылжарлықтар ақтық кезең бел ортасынан асқанда алдыға шығып кетті. Керемет кештен көңіліміз су сепкендей басылып қайтамыз ба деді іштей фанаттар. Бірақ... Төреші ақтық ысқырықты шаламын дегенше, отыз секунд қалған, «Торпедо» сапындағылар естепті теңестіріп кетті. Ойын қосымша кезеңге ойысты.

 

Қосымша кезеңде кім мықтыны анықтай алмаған қос ұжым буллитке шықты. Өскемендік сұрмергендерге сәттілік серік болмады. Жеңіс – Құлагерде. Дегенмен, жергілікті жанкүйерлердің еңсесі түсті деуге келмес еді. Өйткені ертең-ақ қарымта ойын бар. Ал мерекелік көңіл күй өскемендіктердің үмітін отын өшірмей тұрған болар. Байқадық, жас фанаттар Спорт сарайының алдындағы өткелді жаңғыртып, «Торпедо» деп ұрандап бара жатты.

 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив