«Торпедоның» соңғы мүмкіндігі
«Торпедо» ел біріншілігінің финалына шыға алмай қалуы мүмкін. Осыдан бірер апта бұрын бұл сөзімізге хоккей мамандарының да, жанкүйерлердің де сене қоюы екіталай еді. Бәрінің де болжамы «Торпедо» жартылай финалдағы қарсыласы Көкшетаудың «Арланын» қалпақпен ұрып алуы тиіс дегенге сайған болатын.
Дегенмен іс жүзінде олай болмай тұр. Рас, өскемендік ұжым финалға шығу мүмкіндігін әлі де жоғалтқан жоқ, алайда Олег Болякин шәкірттеріне енді қателесуге болмайды.
Еске салайық, биылғы елішілік жарыстың тұрақты чемпионатында қарсыластарынан оқ бойы озып, күні бұрын топ жарған жерлестеріміз одан кейінгі плей-офф кезеңін де сенімді бастаған. Ширек финалда «Торпедо» «Алматыны» 4:0 есебімен қапы қалдырған болатын. Сол «Алматының» кебін келесі қарсылас «Арлан» да киюі тиіс еді. Жартылай финалдық серия алдында хоккей білгірлері «бұл шайқаста Көкшетау хоккейшілері көп болса бір ойында жеңіске жете алады, әйтпесе ол да жоқ» деп болжам жасап, өскемендік команданы алдын ала финалға шығарып тастаған-ды.
Сол болжамның бірі келмеді. Бүгінге дейін командалар төрт кездесу өткізіп үлгерді. Сериядағы есеп 1:3, «Арланның» пайдасына. Ал мамандар аузының суы құрып мақтаған «Торпедо» әзірге үмітті ақтамай тұр. Серияның алғашқы екі ойынын өз айдынында өткізген жерлестеріміз оның бірінде 2:1 есебімен жеңіске жетсе, енді бірінде дәл сондай есеппен қарсыласына жол беруге мәжбүр болды.
Бұдан кейін командалар арасындағы бәсеке Көкшетауда жалғасты. Өкінішке қарай, қонақтағы қос кездесудің екеуінде де «торпедолықтар» ауыз толтырып айтарлықтай ойын өрнегін көрсете алмады. Алдымен 2:4 есебімен ұтылған біздің команда келесі ойында да жеңілістің кермек дәмін татты. Бұл ойының нәтижесі – 2:3.
Осылайша, жартылай финалдық сериядағы есеп 1:3-ке жетті. Жарыс ережесі бойынша, келесі кезеңге өту үшін қарсыластардың бірі төрт жеңіске жетуі тиіс-тін. Демек, «Торпедоға» енді шегінерге жер жоқ.
Айта кетейік, командалар арасындағы бесінші матч Өскеменде өтеді. Бұл ойын 7 сәуірде кешкі сағат 18:30-да басталмақ.