KZ
Өскемен
-3°
небольшой снег жел 2 м/с, З
494.87 520.65 4.91

Халық күрекпен тоған қазуға кірісті. Тарбағатайда техника жоқ па?

21.05.2020, 09:40 172

Тарбағатай ауданы Ақжар ауылындағы 30 отбасы бітеліп қалған 5 шақырымдай «тоғанды» қолмен қазып шықпақшы. «Жеті-сегіз күн болды, 200 метр жерді ғана аршыдық. Тоғанды бір метр тереңдікте қазып келеміз, әйтпесе су құлап кетеді. Осылай істеуге мәжбүрміз», дейді тұрғындар.

Жуықта аудандық мәслихаттың депутаты Төлеген Қалимажан осы мәселені фейсбук желісінде көтерді.

«Қасқақ жазығының аяғы, Жаңатілеу ауылы жақтағы егістікке отыздан астам отбасы жемшөп, тағы басқа көкөніс пен астық түрін егіп, тірлік жасап отыр. Олар сол егістікке баратын тоғанның қаншама жылдан бері тазаланбауы себепті еңбектері зая кететінін айтып шағымданғаннан кейін, өз көзіммен көріп, мәжбүр болған тірліктерін суретке түсіріп алдым. Бұл мәселе ауылдың сход-жиналысында да көтерілген. «Кеңестік дәуірден бері тазаланбаған тоғанға бір көңіл бөлінсе» дейді жер еміп, тірлік қылып жүрген тұрғындар», – деп жазды депутат.

«Алты гектар жоңышқа өліп қалды»

Аудан әкімдігі 2015 жылы ақжарлық 30 шаңыраққа егін егуге 400 гектар жер берген. Бұл қатарда Мұрат Өмірзақтың да отбасы бар. Бүгінде оның еншісінде – 30 гектар. Алқапқа жоңышқа, картоп, тары, бидай және басқа да астық түрлерін салған.

– Егуін ектік-ау, енді мұны суарып, аман-есен өсіре аламыз ба? Себебі жауапты мекеме суды жылда мынау бітелген тоғанға қоя береді. Ақысын төлеп алған суымыз егіске жетпей, далаға жайылады. Жетті-ау деген аз-мұз суға ағайын өзара таласып, қызылшеке болады. Мен егін еккелі жағдай осылай. Тіпті бұл тоған тәуелсіздік алғалы бері тазаланбағанын білемін. Былтыр алты гектар жердегі жоңышқам өліп қалды. Биыл оны қайтадан егіп отырмын. Әкімдіктен тек суды төкпей-шашпай жеткізіп беруді сұраймыз, – деді Мұрат Өмірзақ.

Осы алқапқа қауын мен қарбызы шықпай қалған соң, алған жерін әкімдікке кері қайтарып берген де тұрғындар бар.
– Тоғанның осы бөлігі суға жауапты мекеменің балансына кірмейді екен. Олар сондықтан осы жерге жанармай бөлінбегенін айтты. Жанармайға өзіміз ақша жинап бермек болғанымызда техника бұзылып қалды деп отыр, – деп арыз айтты егіншілердің тағы бірі Шалқар Әдек.

Біз Ақжар ауылдық округінің әкімі Асқар Боғырбаевпен тілдестік. Оның айтуынша, «ҚазСуШар» мекемесі тоғанның өз балансына кірмейтін бөлігін де тазалайды. Әкімдікпен арада келісім бар.

– Ақжар ауылдық округінің территориясында орналасқан «Есенгелді» тоғанының ұзындығы 26 километр. Маңырақ ауылындағы су торабынан басталады. Осы тоғанның 18 километрі «ҚазСуШар» мекемесінің теңгерімінде және оны жөндеу мен су салу жұмыстары мекеменің тарапынан жүргізіледі. Тоғанның қалған сегіз километрі Қасқақ учаскесі арқылы Жаңатілеу ауылындағы егістік алқапты қамтамасыз етіп тұр. Тоғанның ол бөлігін қоса «ҚазСуШар» мекемесі қосымша тазалап, жылма-жыл жөндеп келеді. Қазіргі күнде бұл тоғанның 20 километріне тазалау жұмыстары жүргізіліп қойған. Жоспар бойынша, 30 сәуірден бастап осы мекеменің экскаваторы демалыс күндеріне қарамастан жұмысын ары қарай жалғастырады. Қосымша бір трактор қосамыз. Ал егіс алқабындағы шаруа қожалықтарының аршып жүрген жерлері егістік жерлеріндегі бас арық және желке арықтары болуы керек. Ол кісілердің айтқаны тоған емес, арық екенің баса айтып кетейін. Техникалар сол тұсқа барған кезде арықтарды қосымша аршуға міндетті түрде көмектеседі. Тазалап болғаннан кейін, мамыр айының бесі күні барлық тоғанға су салу жоспарымызда бар, – деді Асқар Боғырбаев.

«Техника бұзылып тұр»

Уәделі 30 сәуір күні ауыл тұрғындарына хабарласқанымызда, мекеме техникасының «әлі қозғалмағанын, баяғы бұзылған күйі тұрғанын» айтты.

– Біздің қазып жатқанымыз – Құлжабайдың тоғаны деп аталатын тоған. Әкім мырза қай тоғанды тазалап жатқанын білмедім. Бүгін де ешқандай көмекке келген техника көрмедік. 15 азамат қолына күрек алып, жер қашады. Ақысын беріп отырған суымызды салығын төлеп отырған жерімізге жеткізіп бере ме, жоқ па? – дейді Мұрат Өмірзақ.

Фейсбук желісінде Альмира Ажахметова және Нұрлан Төлегенов есімді қолданушылар «ауыл ішіндегі бақшалық арықтардың да жай-күйі мәз емес» екенін жазды.

«Ауыл ішіндегі тоған, арықтар тазаланбады. Бақша суара алмайтын болдық. Қоқыс аздай, этаж үйлердің тұрғындары да қалдықтарын арық бойына төгеді. Олардың әр пәтерінде – бір-бір дәретхана, сумен араласып ағып жатыр…».
«Мәселені көріп-біліп отырсыздар. Тез арада шешімін тапсаңыздар екен. Бұл Ораза айында үлкен сауапты амалдарыңыз болар еді», – дейді олар.

P.S. Біз әкім айтқан «арықтарға су жебірілуге тиісті» мерзім – бесінші мамыр күні ауыл тұрғындарына хабарластық.
– Қолмен қазған жеріміз сол күйі қалды. Ары қарай әкімдік нұсқаған мекеме аршып, тазалап бермеді. Баяғыша суды бітеліп жатқан тоғанға салып қойды. Болар-болмас суға өзара таласып-тартысып жатырмыз. Әкімдік су мекемесіне, су мекемесі әкімдікке сілтейді. Екі ортада қалдық. Амал не? – деді Мұрат Өмірзақ.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу