Ақжар халық театрына Шоқан Мұхамадиев есімі берілді
Өнер - нәзік те құпия сыры мол ғажайып әлем десек, театр – тіл мектебі, мәдени-рухани байлық, жастардың болашақта адамгершілік талаптары жағынан толысқан тұлға болып қалыптасуына зор ықпал ететін тәрбие орыны. Міне осындай мәдениет ошақтарының бірі - Ақжар халық театрына осы салада тер төге еңбек етіп, оның дамуына өлшеусіз үлес қосқан, «Еңбектегі ерлігі үшін» және «Қазақ ССР-не 50 жыл» мерекелік медальдарының иегері Шоқан Мұхамадиев есімі берілді.
Еңбек жолын 1960 жылдары автоклуб меңгеруші қызметінен бастаған, бірнеше аспаптарда еркін ойнап, әсіресе мандалин аспабын жанынан тастамайтын Шоқан Кемелбекұлы сахнада сатиралық, әжуаға толы әзілдерді шебер орындап, көрермендеріне риясыз күлкі, көтеріңкі көңіл-күй сыйлайтын. Актерлық өнер асқан ұқыптылықты, үлкен жауапкершілікті, артистік дарындылықты, терең толғану мен ойлануды талап ететін зейнеті мен бейнеті қатар жүретін сала болса, Шоқан аға сол кәсіптің шын мәніндегі майталманы еді.
«Мәдениет-өмір мәйегі, өнер-ұлттың жаны» дейді халық даналығы. Демек, мәдениет пен өнер-елдігімізді бекемдеп, халқымызды қанаттандырып отыратын бір-бірінен ажырамас ұғым. Тарбағатай топырағында өсіп-өнген дарындылардың қалдырған өнер үрдісінен замана ауысқан сайын таланттар шоғыры мен халық болмысының бойынан көрініп отыратын негізі рухани қасиетін байқауға болады. Өткен ғасырдың 60-70-жылдарында қасиетті өнер шаңырақтарының бірінен саналған, «шалғайдағы емес, маңдайдағы театр» атағын иеленген Ақжар халық театрына режиссер болып жас өнерпаз Шоқан Мұхамадиев тағайындалды.
Шоқан Кемелбекұлы Ақжар халық театрын биік белестерге шығару жолында аянбай тер төгіп, барлық күш жігерін сарқа жұмсаған, біртуар дарын иесі, тума талант еді. Саханалаған спектакльдері режисерлықтың шешімдерімен, тұғырлы тұжырымдамасымен жан сүйсінтер жаңалықтарға толы болды. Оның қойылымдары ұлттық мінез-құлықтың шеңберінде қалып қоймай, көрерменді адамзаттық құндылықтарға жетелеуімен ерекшеленіп тұратын. Ізденімпаз суреткердің тек өз шеберлігіне тән режисерлік шешімдері философиялық астарымен,мазмұнының тереңдігімен, керемет көркемдігімен есте қалды. Өнер иесінің табиғатындағы дабыра-дабылдан гөрі ойлану мен толғану үстінде жүрер ішкі көңіл-күй қатпарлары сахнагерді әрдайым ойлы бейнелер биігіне жетелейтін, тереңдікке ұмтылдыратын. Сыршыл актердың сезімтал әлемінен жеткен тазалықпен тең өрілген сұлулық тұтастай суреткерлік биіктен үн қатты. Міне, осы тұрғыдан алып екшегенде Ақжар халық театрының Шоқан Мұхамадиевтың есімін еншілеуі заңдылық. Бұл шешім өзінің табиғи талантын көрсете отырып, сол кездегі өнер саңлақтарымен бірге халық көңілінен шығарлық деңгейге еңбек еткен тұлғаның рухына көрсетілген үлкен құрмет.
Тарбағатай мәдениеті мен өнерінің шығармашылық шабыты, өрісті өркендеу жылдары, өнер қанатының қатайып, кәсіби деңгейге құлаш ұру дәуірі 60 жылдардағы ел жүрегі саналатын Москвада, Кремль сахнасында өнер көрсету дәрежесіне жеткен жылдардан басталған еді. Шоқан Кемелбекұлы сынды режисердың сол өнер тарландарының салып кеткен жолдарын жалғастырып, Тарбағатайдың көптеген өнерлі жастарын топтастырып, Ақжар халық театрының жемісті қызмет атқаруына, атақ абыройын ауданда, облыста, республикада сақтап қалуына лайықты үлес қосты. О.Бодықовтың «Қанжар мен домбыра», С.Шаймардановтың «Дөкей келе жатыр», Б.Соқпақбаевтың «Менің атым-Қожа», О.Бодықовтың «Қарақұм трагедиясы», М.Кәрімнің «Ай тұтылған түн» трагедиясын, «Адасқан қаз», Уалихан Нұрқасымовтың «Атамекен» драмасын, «Кестелі орамал» драмасын сәтті сахналаған. Сонымен бірге театр сахнасында отыздан астам кейіпкер бейнесін өзі сомдап, сан қилы кейіпкерлердің әрқайсысына өзіндік рең, бояу, ой-өре қосып, қиюын келістіре, сан қырлы етіп көрсеткен өнер иесі. Шоқан ағамыз Мирхайдар Файзидің татар тілінен аударған Аллажар Теміржановтың «Ғалия Бану» драмасында-Исмағиыл, Хасеновтың «Пардон танымайды» атты өзі
сахналаған комедиясында Қойлыбай ролі, Зейтін Ақышовтың «Жаяу Мұса» спектаклінде –Мұса Шорманов ролі, Құдаш Мұқашевтың «Дала дастаны» драмасында Есен ролі, 1963 жылы Москвада, Кремль театрында халық театрының ойдағыдай өнер көрсетуіне лайықты үлес қосқан өнер иесі Мұхтар Әуезовтың «Қарагөз» трагедиясында Сырымның әкесі- Жарылғапберді бейнесін сәтті сомдады.
Аудан өнері мен мәдениетін өркендетуде өлшеусіз еңбек еткен, халқымыздың баға жетпес құндылықтары -ұлттық өнеріміз бен мәдениетімізді көздің қарашығындай сақтап, одан әрі жаңғыртып, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу жолында аянбай еңбек етіп, көркемдік өлшемнің қара шаңырағына айналған тылсым сырлы Ақжар халық театрының негізін қалаушылардың бірі режисер Шоқан Кемелбекұлының тұлғалық бейнесін, бүгінгі ғасыр биігіндегі рухани жаңғырумен үндесетін дүниетанымдық тұрғыдан түйіндегеніміз азаматтық парыз болар. 1975-1980 жылдары халық театрының режисеры болып қызмет еткен,бізге сарқылмас рухани және мәдени мұра қалдырған, өзінің қысқа ғана ғұмырында табиғи таланты мен өнерін ауданымыздың мәдени өркендеуіне арнаған кішіпейіл, жолдастарына адал, ұжымда беделді,еңбек сүйгіш жан Шоқан Кемелбекұлы 44 жасқа қараған шағында 1980 жылы дүниеден озды.
Мәрт мінезді, ашық-жарқын Шоқан аға жары Мұхамадиева Зәйтунә анамызбен бес баланы дүниеге әкеліп, тәрбиелеген. Балалары: Алмас, Алма, Сәуле, Ербол, Зәуре түрлі салада еңбек етіп, ұрпақтары өсіп-өніп, бес баладан 12 немере, 10 шөбере өрбіген әулетке айналып отыр. Ақжар ауылының тұрғыны қара шаңырақтың түтінін түтетіп отырған ұлы, жеке кәсіпкер Ербол Шоқанұлы жары Жанармен Ақжар халық театрының режиссерлық бөлмесін толық жабдықтап, аудандық, облыстық Шоқан Мұхамадиев атында театр фестивальдарының өтуіне демеуші болып, Тарбағатай ауданының мәдениеті пен өнерінің озық болуына өз үлестерін қосуда. Жүрегі өнер деп соққан ардақты ағамыз соңына ерген жастарға қайырымдылық пен мейірімділіктің озық үлгісін көрсете білді. Келер ұрпаққа қайталанбас өнерімен халық жадында қалған, соңына қалдырған мол мұрасы болашақ ұрпақтар үшін үлкен қазына, таптырмайтын рухани бастау болып қала беретіні сөзсіз. Бағасы биік өнер иесінің есімі халықтық өнермен бірге жаңғыра бермек.
Үмітгүл БАЯНБАЕВА,
мәдениет қызметкері.