Семейде еріктілер тобы жаңа жылдық сыйлықтар таратты
Семейде еріктілер тобы жаңа жылдық сыйлықтар таратты, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Игі шараның өтуіне "NIS Teachers Volunteers" және "AVC" еріктілер клубы мұрындық болған. «Жаңа жылдағы ғажайып» акциясының басты мақсаты – әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға қуаныш сыйлау. Оңалту орталығының берген тізімі бойынша Аяз ата мен Ақшақар сегіз баланың көңілін аулады.
- Біз 19 желтоқсан күні мектебімізде «Жақсылық жаса» атты қайырымдылық жәрмеңкесін өткізген едік. Жәрмеңкеден түскен қаражаттың біраз бөлігіне балаларға арнап сыйлықтар алдық. Біздің шарамызға қолдау білдіріп, Аяз ата рөлін сомдаған әріптесіміз, математика пәнінің мұғалімі Рай Берікқанов пен Ақшақарымыз Тоғжан Белдеубаеваға алғысымызды айтамыз, - дейді "NIS Teachers Volunteers" еріктілер клубының жетекшісі Жазира Құрманова.
Ұстаздардан құралған еріктілер клубы шараны алдағы уақытта да жалғастыра бермек.