Ұлан ауданында тағы да көше атаулары өзгертілмек
Ұлан ауданының Айыртау ауылындағы Целинная көшесінің атауын өзгерту туралы ұсыныс жасалды, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Айыртау ауылдық округінің әкімі Н. Ақтановтың ұйымдастыруымен Ұлы Жеңістің 75-жылдығына орай Айыртау ауылындағы «Целинная» көшесіне Ұлы Отан соғысының ардагері, жерлесіміз, марқұм Садуақас Бектасовтың атын беру туралы түскен ұсыныс бойынша жиналыс өтті.
Жиналысқа көше тұрғындары, ауылдық округ мамандары және Ұлан ауданының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің ономастика мәселелесіне жауапты маманы қатысты. Жиналыс барысында сөз алған Екатерина Егізбаева ардагердің ерліктерімен және еңбек жолымен таныстырды.
«Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» Қазақстан Республикасының 1993 жылғы 8 желтоқсандағы № 4200 Заңына сәйкес тұрғындардың пікірін ескеру мақсатында өткізілген жиналыста ардагердің атын беру туралы аталған ұсыныс көше тұрғындары тарапынан 90%-ға қолдау тауып отыр.
Бұған дейін Асубұлақ кентінде идеологиялық тұрғыдан ескірген Ленин, Октябрьская, Ушанов, Киров, Мира, Автобазовская көшелерінің атауын өзгерту бойынша ұсыныстар жасалған еді.