Ұлан ауданында 4,8 мың гектар жер телімі мемлекетке қайтарылды
Ұлан ауданында пайдаланылмайтын жер телімдерін ауылшаруашылық айналымға тартуға бағытталған жоспарлы жұмыстар жүргізілуде. Ағымдағы жылы аудан аумағындағы 4,8 мың гектар болатын 25 жер теліміне қатысты келісім-шарттар бұзылып, мемлекеттік қорға қайтарылған екен, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Бұл туралы аудан әкімі Нұрымбет Сақтағанов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында айтты.
Бүгінгі таңда 100 мың гектардан астам ауылшаруашылық жерлері бақылауға алынып отыр. Көлемі 11,3 мың гектарды құрайтын 64 жер телімі бойынша комиссиялық тексеру жүргізіліп, актілер жасалған. Қазір бұл жер телімдері бойынша тексеру жұмыстары басталды.
Одан бөлек, 22,2 мың гектар болатын 13 жер телімі иесі деп танылып, 1 жылдан кейін сот шешімдерінің негізінде мемлекеттік қорға қайтарылады.
Жоспарлы және жүйелі жұмыстың нәтижесінде 24 жер телімі байқау өткізу арқылы жаңа шаруашылықтарға үлестіріліп отыр.