«Мынау менің әкем» - Еденге төселген зират тастарындағы суреттен Өскемен тұрғыны өз әкесін таныды
Өскемендегі «Әлем» сауда үйінде еденге зираттың тасын төсегені туралы жазғанымызды еске саламыз. Бұл оқиғаға қатысты дау әлі аяқталмай жатыр. Қала тұрғындарының бірі материал ретінде марқұм әкесінің қабірінен алынған құлпытасты пайдаланғанын айтты, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Әлеуметтік желіде «Әлем» сауда үйінде түсірілген бейнежазба мен фотосуреттер таралуда. Видеода еденде қабір үстіне қойылатын құлпытастардың сынықтары мен марқұмдардың тасқа түсірілген суреттерін көруге болады. Солардың арасынан Өскемен тұрғыны Наталия Андреева өзінің әкесін танып, жағасын ұстады.
Айтуынша, әкесі Евгений Кречетов осыдан 15 жыл бұрын қайтыс болған. Оның сүйегі 2004 жылдың көктемінде Аблакеткадағы зиратқа қойылған. Тастағы сурет ескірген соң, туыстары 2014 жылы қабірдегі құлпытасты реставрациялауға береді. Алайда артынан суретші қалыпқа келтіруге жарамайтынын айтып, жаңасын жасауды ұсынады. Ал ескі тасты қайта өңдеп, фотосуретті жоюға уәде еткен. Қабір үстінде 10 жыл тұрған дәл сол құлпытас енді жаңартылған сауда үйінің еденінен орын тауыпты.
Сұмдық жаңалықтан марқұмның туыстарының есеңгіреп қалғаны сөзсіз. Наталия мұндай жағдайға жол берген тұлғаларды түгелдей жауапқа тартпақшы. Ол полицияға арыз жазып үлгерді.
Шу шыққаннан кейін едендегі плиталарды ауыстыруға уәде еткен сауда үйінің басшылығы зират тастарындағы адамның бейнелерін қырып өшіре салды. Бұл туралы қала тұрғындары әлеуметтік желілерде жарыса жазуда.