Өскеменде зират тасынан жасалған едендегі суреттерді өшіріп жатыр
Өскемендегі «Әлем» сауда үйінде еденге зираттың тасын төсегені туралы жазған едік. Қала тұрғындарының айтуынша, бұл жаңалық әлеуметтік желіде таралғаннан кейін сауда үйінің әкімшілігі едендегі марқұмдардың суреттерін қырып тегістеп, өшіріп жатыр екен, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Аталмыш сауда үйінде жуықта күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген екен. Әлеуметтік желіде таралған видео мен фотосуреттерден едендегі қабір үстіне қойылатын құлпытастардың сынықтары мен марқұмдардың тасқа түсірілген суреттерін көруге болады.
«Әлем» сауда үйінің әкімшілігі мұны растады. Бірақ жауапкершілікті құрылыс жұмыстарын жүргізген мердігер компанияға ысырып отыр. Қажетті материалдарды сатып алумен сол компания айналысқан. Ал мердігер компанияның директоры Николай Кушнарев болса, еденге зират тасы төселмегенін айтады.
- Зират тасының қалдықтарын еденге төседі деген сөздерді есту бізге ауыр тиді. Мұндайға кім барады? Үлкен аумаққа қаншама зираттың тасы қажет екенін ойлап көріңіздер! – дейді ол.
Еденге төсеуге пайдаланылған материалдарды жеткізуші фирманың басшысы Владимир Козырев зират тасының қайдан келгенін айтып берді:
- Біз гранит тастармен жұмыс істейміз, ескерткіштер әзірлейміз. Тастарды өңдеу кезінде өте көп қиылған қалдықтар қалып қояды, сондай-ақ, ескерткіш әзірлеген кезде жарамсыз болып қалған зират тастары да болады. Сол секілді материалдарды біздің шеберханадан сатып алған. Бұл 10 жылда жиналып қалған тастардың қалдықтары болатын.
Шу шыққан соң сауда үйінің әкімшілігі едендегі тастарды ауыстыруға уәде еткен. Алайда ауыстырудың орнына, жай ғана суретті қырып тастаумен шектелуді жөн көрген секілді.
- Мен жаңа ғана сол сауда үйінен келдім. Сатушылардың айтуынша, таңертеңнен бастап едендегі суреттерді қырып, өшіріп жатыр екен. Екі адамның ғана суреті қалыпты, - деп жазды әлеуметтік желіде қала тұрғындарының бірі.