KZ
Өскемен
-7°
снег жел 2 м/с, В
519.28 540.05 5.31

Өскеменде 500-ге жуық дәрігер жалақысын ала алмай жүр

24.10.2019, 11:03 158

Өскемендегі Ана мен бала орталығының кызметкерлері тиісті жалақыларынан қағылып отыр. Тіпті, бір топ медицина қызметкерлері Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановқа шағым түсірген, деп хабарлайды Bugin.kz сайты.

Өтініш хатта:

«Министр мырза! Біздегі басшылықтың қатардағы қызметкерлергезаңсыздық көрсетіп жүргенін айтқымызкеледі. Өтінішіме жалақымыздың нешінші ай негізсіз кешіктіріліп берілуі себеп болып отыр. Қазан айының ортасы болды, алайда біз қыркүйек айы үшін жалақымызды ала алмай отырмыз. Көбінің несиесі, пәтерақылары, әр түрлі төлемдері бар. Балаларымыздың жүріп-тұруы мен тамағы ол бар. Осылайша қызметкерлер қарыздануға мәжбүр. Ал орталық директорының бір ғана - «қаржыландыру жүрген жоқ» деген жауабы бар. Қаладағы басқа медициналық мекемелерде мұндай мәселе жоқ, неліктен біздің орталықтың қызметкерлеріне ғана жалақылары кешіктіріледі, не болмаса, бірнеше бөліп беріледі? Неге? Жергілікті билікке де бірнеше рет шағым түсірдік, алайда олардан кері жауап болмады. Онымен қоса, директор «жұмыстан шығарамын, жазалаймын» деп қорқытады. Осы мәселеге назар аударуыңызды сұраймыз, - делінген.

Мәселенің мән-жайын білмекке облыстық Денсаулық сақтау басқармасына арнайы сұрау хат жолдап едік, нәтижесінде басқарма Ана мен бала орталығындағы 500-ге жуық қызметкердің жалақысын кешіктіру мәселесі орын алғанын растады.

- Қаражаттың келіп түсу мөлшеріне байланысты 457 қызметкердің еңбекақысының бір бөлігі ағымдағы жылдың 10 қазанына дейін берілді, -дейді облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ілияс Мұхамеджан.

Орталық қызметкерлерінің жалақысы неліктен кешіктіріліп жатқаны да белгілі болды. Сөйтсе, 2018 жылдан бастап жалпы медициналық мекемелерді қаржыландыру «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ арқылы жүргізіліп келеді екен.

- Төлеу жүйесі бағдарламасының жаңартылуына байланысты (базалық тарифті қайта есептеуге), қосымша шарттар техникалық себептерге байланысты бағдарламаға жүктелген жоқ. Ақаулар қаржының уақытында түспеуіне әсер етіп, қыркүйек айының еңбекақысы кешіктірілді. Енді ӘМСҚ филиалы қаржыны аударғаннан кейін, өткен айдың жалақысы толығымен берілді,- дейді басқарма басшысы.

Қызметкерлер осыған дейін де бірнеше рет жалақылары кешіктірілгенін айтса, Денсаулық сақтау басқармасы мұндай жағдайдың Ана мен бала орталығында бірінші рет туындап отырғанын, еңбекақы Еңбек Кодексіне сәйкес әр айдың 10-ына дейін аударылып отырғанын айтады. Десе де, облыстық Мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы жалақының кешіктірілуіне байланысты жыл басында бір шағым болғанын растап отыр.

- Биыл басқармаға «Ана мен бала орталығы» ШЖҚ КМК-нің бір жұмысшысынан еңбекақының уақтылы төленбеуіне қатысты арыз түсті. Тексеру қорытындысы бойынша аталған мекемеде заңбұзушылық анықталған жоқ. Егер жұмысшылардан тағы арыз түссе, басқармамен мекемеде жоспардан тыс тексеру жүргізіледі, - дейді Мемлекеттік еңбек инспекция басқармасының басшысы Бақытбек Қизатов.

Айта кетейік, ҚР Еңбек Кодексінің 23-бабы 1-ші және 5-ші тармағына сәйкес, жұмыс беруші ҚР Еңбек Заңнамасының, келісімдердің, ұжымдық еңбек шарттарының, өзі шығарған актілерінің талаптарын сақтауға және жұмыскерге ҚР нормативтік құқықтық актілерінде, еңбек, ұжымдық шарттарда, жұмыс берушілердің актілерінде көзделген жалақы мен өзге де төлемдерді уақтылы және толық мөлшерде төлеуге міндетті.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу