Жұмыскерлердің қауіпсіздігін еш уақытта естен шығаруға болмайды – Асқар Мамин
Премьер-Министр Асқар Мамин ШҚО-ға жасаған іссапары барысында «KAZ Minerals Ақтоғай» компаниясының өндірістік инфрақұрылымы, еңбек жағдайы және ондағы жұмысшылардың тыныс-тіршілігімен танысты, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Кәсіпорынның табысы былтырғымен салыстырғанда біршама өскенін баяндаған KAZ Minerals Тобы директорлар кеңесінің төрағасы Олег Новачук мұндағы жұмысшылапрдың да жағдайы барлық тау-кен өндіру орындарындағы талапқа сай екенін атап айтты.
Айтуынша, жұмысшылар вахталық қалашықтағы екі адамдық бөлмелерде тұрады. Жатақханада демалатын орын, кір жуатын бөлме, кітапхана, спорт залдары бар. Барлығы жаңа құрал-жабдықпен қамтамасыз етілген. Сондай-ақ 1 200 адамдық асхана жұмыс істейді. Жұмысшылар күніне үш уақ тамақтанады.
Үкімет басшысы Асқар Мамин кәсіпорынның жұмысы мен жұмыскерлердің тыныс-тіршілігіне оң бағасын берді.
– Кәсіпорынның өнімі жыл сайын артып отырғанын көріп отырмыз. Бұл өте жақсы. Сонымен қатар, жұмыскерлердің қауіпсіздігін еш уақытта естен шығаруға болмайды. Қауіпсіздікті барынша қамтамасыз етіп, үнемі көңіл бөліп отырыңыздар, – деді Премьер-Министр.