Өскеменде автобустардан алынған жеңілдіктер тамызда толық қайтарылады
Өскемен қаласындағы қоғамдық көліктердегі зейнеткерлер мен балаларға арналған жол жүру жеңілдіктері тамыз айының ортасына қарай қалпына келтіріледі. Бұл жөнінде бүгін қалалық әкімдікте өткен баспасөз мәслихаты барысында Өскемен қаласы әкімінің орынбасары Тамара Рахымжанова хабарлады.
– Қазіргі уақытта бізді үш тасымалдаушы 7-ден 15 жасқа дейінгі балалар мен зейнеткерлерге жасалатын жеңілдіктің алынғаны жөнінде жазбаша түрде хабардар етті, – деді Тамара Анатольевана. – Дегенмен заңға бойынша барлық тасымалдаушылар балаларға деген жеңілдікті жасауға міндетті. Осыны негізге ала отырып біз олармен екі ортада жасалған келісімшартты бір жақты бұзу жөнінде шешім қабылдап, тасымалдаушыларды хабардар еттік. Сонымен қатар біз қаладағы басқа да тасымалдаушыларға қосымша келісімшарт жасасу жөнінде ескертулер жолдадық. Тұрғындар арасындағы әлеуметтік шиеленіс туғызбас үшін барлық жұмыстарды жүргізудеміз.
Тамара Рахымжанованың айтуынша, қалалық әкімдіктің тапсырысы бойынша жүргізілген сауалнама тасымалдаушылардың бір күнде 287 мың адамды тасымалдайтынын анықтаса, тасымалдаушылар 90 мың жолаушының жол мұратын арқалайтынын алға тартқан. Осылайша екі арада сандардың сәйкессіздігі туындаған. Дегенмен мұның ақ-қарасын биылғы жылдың қазан, қараша айларында іске қосылатын электронды билеттеу анықтамақ көрінеді.
– Бүгінде тасымалдаушылар 900 миллион теңгеге жуық жанар-жағармай шығынын және 175 миллион теңге балалар мен зейнеткерлерге жасалатын жеңілдіктерді субсидиялауды сұрап отыр. Жыл соңына қарай іске қосуды көздеп отырған электронды билеттеу нәтижесінде әлеуметтік маңызы бар бағыттарды анықтап субсидиялайтын боламыз. Әзірге жүргізушілердің салонда темекі шегуі, кондукторлардың дөрекілігі, көліктердің бағытта 85 пайыз болуы талабының сақталмауы сияқты бұзушылықтар бар. Автобустардың бағытта болу деңгейі 82, кей кездері 77 пайызға дейін төмендеген кездері болған. Нәтижесінде адамдар автобусты әдеттегіден тыс көп уақыт күтеді – мұның барлығын біз білеміз, осы уақытқа дейін оған көз жұма қарап келдік. Қазір оларға ескерту жолдадық. Талап бойынша 30 күн күтуіміз керек. Сонан соң олардың бағыттары басқа тасымалдаушыларға берілетін болады, – деп қосты Тамара Анатольевна.
Алайда алынған жеңілдіктер қала тұрғындарын көп күттіріп қоймай алдағы бір ай ішінде кезең-кезеңімен қайтарылмақ.
Өскемен қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары Нұржан Жапбаровтың хабарлауынша, бірінші тамыздан бастап №25, 43 бағыттағы автобустарда, сегізінші тамызда - №5, 12, 33, 69, 42, 71, 39, 351 бағыттағы автобустарда, ал 17 тамызда - №54, 55, 17, 53 бағыттағы автобустарда зейнеткерлер мен балаларға арналған жеңілдіктер қайтарылады.