Әйелдерді тонап келген таксист ұсталды
Алматы облысында әйелдерді тонауды кәсіп қылған 27 жастағы күдікті ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат
Еңбекшіқазақ ауданы Қызылжар ауылының 25 жастағы тұрғыны 3 маусымда полицияға хабарласып, белгісіз такси жүргізушісінің тонағанын және зорлық көрсеткісі келгенін айтқан. Зардап шегуші автокөліктің түсін мен шамамен маркасын атаған. Полицейлер бірнеше сағат ішінде таксидің маркасын, сонымен қатар күдікті азаматты да анықтады. Ол осы аудандағы Ащысай ауылының 27 жастағы тұрғыны болып шықты.
«Жедел іздестіру шаралары барысында күдікті ұсталды және аудандық полицияға жеткізілді. Ол зардап шегушіден ұялы телефон мен 92 мың теңгені тартып алғаны анықталды. Сондай-ақ, тексеру кезінде күдіктінің биыл мамыр айында тіркелген Есік қаласындағы жас қызды тонау дерегіне қатысы бары анықталды. Екі жағдайда да ол жолаушыларын зорлауға ниеттенген. Дегенмен, қарсылық көрсеткен қыздардың зергерлік бұйымдарын, ұялы телефондарын және ақшаларын тартып алған»,- деп мәлімдеді Алматы облысы ПД баспасөз қызметінен.
Қазіргі уақытта күдікті уақытша ұстау оқшаулағышына қамаққа алынды. Тонау және зорлауға оқталу деректері бойынша тергеу ісін Еңбекшіқазақ ауданы полициясы қарап жатыр
«Күдікті шалғай қашықтықтарға жолаушы тасымалдаумен айналысқанын ескере отырып, оның облыс бойынша тіркелген осыған ұқсас өзге де қылмыстарға қатысы барын анықтау жұмыстары жүргізілуде»,- деп толықтырды облыстық полиция өкілдері.