Ақынкелді тағы да айтып-айтып тастады. Көпір және паром (ВИДЕО)
Өткен жолы Өскеменнің перроны жоқ вокзалын өлеңмен сынаған Ақынкелді енді Күршімдегі паром мәселесін жырға қосты, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Шығыста кемшіліктерді көзбе-көз, оқиға орнына барып тұрып сынап айтатын ерекше ақын пайда болғанын бұған дейін жазған болатынбыз. Өзін Ақынкелді деп таныстыратын Аян Қалымбек есімді өскемендік студент бұл жолы Күршім ауданындағы паром өткеліне барып, халыққа бір көпір салып берсе деген тілегін жеткізеді.
Паромды күтіп тұрмыз таң атқалы,
Халықтың қатулы екен қабақтары,
Құс боп ұшып Ертістен өтер еді,
Болса егер арқасында қанаттары.
Амалсыз жағаға кеп тізіледі,
Күршім мен Марқакөлдің қазақтары...
Көпір салып береміз деп еді ғой,
Талай талай инвестор кеп еді ғой.
Жағада жаутаңдаған қайран халық,
Қандай уәде берсе де сенеді ғой.
Сондықтан аудан жүгін ауырлатпай,
Көпірдің салынғаны жөн еді ғой.