1 маусымнан бастап кімдердің еңбекақысы көтеріледі?
1 маусымнан бастап Қазақстанда еңбекақы көтеріледі. Жағымды жаңалықтың кімдерге қатысы бар? Бұл туралы ҚР Үкіметінде өткен баспасөз конференциясында айтылды, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
-Жуықта еліміздің жаңа Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев еңбекақыны көтеру мерзімін 1 шілдеден 1 маусымға ауыстыру, яғни бір айға алға шегеру жөнінде тапсырма берген болатын, - деді Премьер-министрдің бірінші орынбасары – қаржы министрі Әлихан Смаилов.
Министрдің айтуынша, аталған мақсатқа қосымша 37,8 млрд теңге жұмсалмақ.
Осы жолы 1,5 млн адамның еңбекақысы өсетін болды. Олардың қатарына қандай қызметкерлер кіреді? Білім беру саласында – балабақшадағы тәрбиешілер, тәрбиешілердің көмекшілері, колледж оқытушылары, мұғалімдер, әдіскерлер, психологтар мен басқа да жұмысшылар. Денсаулық сақтау саласында – дәрігерлер, орта және кіші медициналық қызметкерлер, мейірбикелер, зертханашылар, санитарлар, жүргізушілер және басқа да жұмысшылар. Әлеуметтік сала, мәдениет және спортта, ауыл шаруашылығы мен өзге де салаларда – азаматтық қызметкерлер, әкімшілік және техникалық қызметкерлер, жұмысшылар, сондай-ақ, облыстық, аудандық және ауылдық деңгейдегі орта және кіші буынның мемлекеттік қызметкерлері.
Шығын көлемін өзгерту бойынша сәйкес ұсыныс Елбасының келісуіне жіберілді. Одан кейін Парламентке бағытталмақ. Қазір Парламентте 2019 жылға нақтыланған бюджетті қарастырылуда.