Әлем бойынша екінші адам АИТВ (ВИЧ) дертінен айықты
Осы күнге дейін тарихта қауіпті вирус дертінен емделген бір ғана адам бар деп есептеліп келген. «Берлиндік науқас» деген лақап атқа ие болған Тимоти Рэй Браунге 2007 жылы ерекше ота жасалып, бірнеше жылдан кейін оның қанынан вирус жойылған екен. Енді 12 жылдан кейін емі жоқ дерттен тағы бір науқас айығып отыр, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Тимоти Рэй Браунге жілік майының қан түзуші дің жасушаларын трансплантациялау отасы жасалған. Ол кезде медициналық тәжірибеде бұл алғашқы жағдай болғандықтан, науқастың нақты отадан кейін сауығып кеткеніне ғалымдар сенімсіздік танытты. Енді бұл сенімсіздік пен күдік сейілетін шығар. Дәл осындай ота жасатып, ауруынан емделген екінші адам «Лондондық науқас» деп аталып жүр. Оның емдеумен және зерттеумен британдық дәрігер Равиндра Гупта айналысады.
Алайда, «Адамзат АИТВ дертін жеңді» деп айтуға әлі де ерте. Себебі, мұндай ота өте күрделі әрі бағасы қымбат болып табылады. Сондықтан оны әр науқасқа жасауға әзірше мүмкіндік жоқ. Айта кетсек, АИТВ Африка елдерінде жиі таралады екен.
Дәрігер Равиндра Гуптаның өзі «Лондондық науқасты» дертінен құлан таза айықты деп айтуға асықпайды. Науқас әлі де көп талдаулар мен зерттеулерден, емдеу курстарынан өтуге тиіс.
Дереккөз: news.mail.ru