Өскемен тұрғыны жәрмеңкедегі өнім бағасына шағымданды
шартты сурет
Өскеменде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын тұрақтандыру мақсатымен әр сенбіде ауылшаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылады.
Бұл жолы облыс орталығына арзан өнім Самар ауданынан жеткізілген еді. Алайда тұтынушылардың бірі мұнда да баға шарықтап тұрғанын айтып шағымданды, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
«Мен Өскемен қаласының тұрғынымын. Сенбі күні Фрешмаркетке жәрмеңкеге бардым. Самар ауданы болды. Сөренің жоғары жағында еттің бағалары жазылып тұрды. Бірақ сатушыға таяғанымда «бұл жәй баға, бағаны өзіміз айтамыз» деді. Сонда қаншадан десем, сиыр еті 2500 теңге, жамбас еті 2700 теңге дейді. Неліктен бұлай дегенімде, мінез көрсетіп айқайлады», – деді редакцияға хабарласқан Сабыр Оспанов есімді Өскемен тұрғыны.
Тұрғынның айтуынша, жәрмеңке маңында Самар ауданы әкімдігінің өкілдері болған. Алайда олар тұтынушының шағымына жауап бермеген.
«Өздерінің қызметін, аты-жөнін айтпады. «Неге аудан шаруаларының орнында қала базарларындағы алып сатарлар тұр?» деген сұрағыма да жауап қатпады. Халықты неге бұлай алдайды? Облыс басшылығы аудандардағы шаруа қожалықтарының өндірген өнімдерін емес, базардағы алып сатарлардың өнімдерін сатып, соларға көмек жасап отыр ма сонда?» – дейді тұтынушы.