KZ
Өскемен
+12°
переменная облачность жел 4 м/с, ОБ
444.14 477.05 4.85

Самарда оқушылар пікірсайысқа түсті

17.03.2023, 10:09 275 Ләззат Қанатқызы

Самар ауданында Наурыз мерекесіне орай аудан әкімінің кубогына арналған дебат өтті.

Пікірсайысқа ауданымыздағы жастар мен мектеп оқушылары қатысты, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.

Аталған шараны аудандық білім бөлімі мен Жастар орталығы ұйымдастырған.

– Пікірсайысқа ауданның түкпір-түкпірінен мектеп оқушылары мен колледж студенттері қатысты. Жарыс енді ауданда үнемі өткізілетін  болады. Мақсатымыз – жастардың сөйлеу қабілетін арттыру, өз ойын ашық айтуға бейімдеу, – дейді Самар аудандық Білім бөлімінің басшысы Руслана Қуатқызы.

Аудандық дебатқа 13 команда қатысты. Ойын қазақ және орыс тілдерінде өтті. Қатысушылар әлеуметтік өзекті мәселелерді шешу тақырыптарында сөз жарыстырды.

– Жарысты ауданымыз қайта құрылғалы алғаш рет өткізіп отырмыз. Пікірсайыстың негізгі мақсаты – жастардың әлеуметтік және шығармашылық қабілетін арттыру, өз ойын дұрыс қалыптастыруға үйрету. Жас буын бой емес, ой жарыстыруы керек. Себебі бүгінгі заман талабы осы – саналы, бәсекеге қабілетті ұрпақ өсіру. Біздің орталық осы бағытта жұмыс істейді. Әр мектепте талантты оқушылар көп. Бірақ қорғанып, өз қабілетін толық аша алмайды. Сондықтан біз оларды осындай сайыстарға қатыстырып, талабын шыңдаймыз. Одан ары облыстық жарыстарға жібереміз, – дейді Самар аудандық Жастар орталығының директоры Ерназар Сауық.

Сайысқа қатысушылар үлкен дайындықпен келгені бірден байқалды. Бәрінің мақсаты біреу – ол аудан әкімінің кубогын жеңіп алу. Дебаттың тақырыптары да қатысушылардың жас ерекшеліктеріне қарай таңдалыпты.

Тартысты бәсекеге осыған дейін мектепішілік және аудандық жарыстарда топ жарғандар қатысып отыр.

Дебат сайысының қорытындысы бойынша, бас жүлдені «Ұшқыр ой 2» командасы алса, бірінші орынды «Болашақ» және «Патриот» командасы иеленді. Екінші орынды «Ұшқыр ой 1» қанжығаласа, «Ынтымақ» командасы үшінші орынға жайғасты. Екінші топтың нәтижесіне келер болсақ, бас жүлдені «Старт», бірінші орынды «VIP», екінші орынды «Порыв 2», үшінші орынды «Порыв» командасы алды. Сонымен қатар пікірсайыста «Үздік ойыншы» номинациясы бойынша «Болашақ» командасының ойыншысы Ақжол Сауық марапатталды.

Сайыста жеңімпаз атанған командаларға аудан әкімінің кубогы мен арнайы сыйлықтар табыс етілді.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив