Poimo – сөмкеңізге сыятын мотоцикл
Жапон ғалымдары қала көшелеріне таптырмас көлік түрін ұсынды. Poimo деп аталатын үрлемелі көлік қазірдің өзінде көпшіліктің қызығушылығын оятып отыр.
Жапон ғалымдары әлемді таңдандырудан жалығар емес. Токио университетінің инженерлері қала тұрғындары үшін тиімділігі жоғары тағы бір көлік түрін жасап шығарды. Poimo атауын алған үрлемелі көліктің скутер мотоцикл сынды бірнеше түрі бар. Оның ерекшелігі – салмағының жеңіл болуында және керек болмаған жағдайда сөмкеңізге сыйып кетуінде. Мұндай көлік қала көшелеріне жиі шығатын тұрғындар үшін өте тиімді болып отыр. Таксиге ақша құртып немесе қоғамдық көлікте қыстырылысып жүргісі келмейтіндер аталмыш мотоциклге тапсырыс беруге құлықты.
Poimo-ның тағы бір ерекшелігі – тапсырыс берген әр тұтынушыға ыңғайланып жасалуында. Ол үшін сіз компания өкілдеріне өзіңіз туралы мәлімет пен фотосуретіңізді жіберсеңіз болғаны. Олар сізге оңтайлап аталмыш көлікті құрастыруға кіріседі. Сонымен қатар Poimo-ны өзңіңз қалағандай етіп жасатуға да мүмкіндігіңіз бар.
Үрлемелі мотоцикл берік матадан тік тігіс арқылы үрлемелі жеті бөлікпен тігіледі. Ол кішкентай қозғалтқыш мен литий-ионды батареядан және электронды жабдықтардан тұрады. Poimo-ның салмағы шамамен 9 килограмм. Ол сағатына 6 километр жылдамдықпен қозғалуға қауқарлы. Оның толық қуатталуы үшін бір сағат уақыт жеткілікті.
Ынтымақ Толқын