Тоқаев Құранды өртеу актілеріне қатысты пікір білдірді
Фото: Ақорда
Еске салайық, Швеция полициясы мұсылмандардың Құрбан айт мерекесінің бірінші күні, маусымның 28-і күні Стокгольмдегі мешіттің сыртында Құранды өртеуге рұқсат берген болатын.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Еуропа елдерінде болған Құранды өртеу актілеріне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Altaynews.kz сайты Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы мұны қазіргі әлемдегі жағдайды шиеленістіруге, халықтар мен мемлекеттер арасындағы сенімге нұқсан келтіруге бағытталған арандатушылық әрекет деп санайды.
«Қазақстан – Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездерін өткізуге бастамашы болған мемлекет. Бұл форум дәстүрлі діндер мен конфессиялардың көрнекті өкілдері арасындағы тиімді әрі табысты диалог алаңына айналды. БҰҰ Бас Ассамблеясы да бұл мәселеге қатысты өз ұстанымын білдіруі керек», - делінген Қасым-Жомарт Тоқаевтың мәлімдемесінде.
Президенттің пікірінше, жиілеп кеткен діни вандализм мен аталған елдер азаматтарының жауапсыз әрекеті мемлекеттер мен діндердің бейбіт қатар өмір сүруіне кері әсерін тигізеді. Бұл жалпыға ортақ нормаларға қайшы келетін акциялар ретінде бірауыздан айыпталуға тиіс.