ШҚО әкімі Ресейдің Өскемендегі бас консулымен кездесті
Фото: Аяужан Утеулинова
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев Ресейдің Өскемендегі бас консулы Алан Хетагуровпен кездесті, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.
Тараптар аймақтық ынтымақтастық жөнінде әңгіме өрбітті. Екі ел арасында сауда-саттық бойынша бұрыннан тығыз байланыс бар екені белгілі. Сондай-ақ біздің өңір өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және туризм салалары бойынша да бірлесіп әрекет етуге әзір. Мәселен, жуықта ғана жергілікті бал өндірушілер көрші елге арнайы барып, бал араларын молекулалық-генетикалық деңгейде сараптаумен айналысатын әріптестерімен тәжірибе алмасып қайтты.
Облыс әкімі жоғарыда аталған салалар бойынша өңір әлеуетінің зор екенін алға тарта отырып, серіктестікті нығайта түсуге дайын екенін білдірді.
Бас консул Алан Хетагуров кездесуде айтылған ұсыныстарды құп көретінін және өз тарапынан қолдан келген қолдауды көрсететінін жеткізді.