Өскемен іргесіндегі саяжай тұрғындарының мәселесі шешілді
Облыс орталығының іргесіндегі «Коммунальник» және «Озеленитель» саяжайларының тұрғындары көтерген мәселе шешілді.
Екі апта бұрын ата-аналар балаларының №18 мектепке келіп-кетуі қиын екенін айтқан болатын, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.
Саяжай тұрғындары көтерген мәселе 11 қаңтар күні тұрғындардың қатысыуымен партияның облыстық филиалы жанындағы Білім беру және денсаулық сақтау мәселелері мен отбасы және халықты әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі өңірлік кеңестің жұмыс тобының отырысында қаралып, арнайы комиссия құрылған еді.
– Мемлекет басшысы балалардың қауіпсіздігіне көңіл бөлу туралы биылғы Қазақстан халқына Жолдауында баса айтқан болатын. Метепте оқитын балалардың қауіпсіздігі партияластарды алаңдатып, саяжай тұрғындарының мәселесін толықтай зерделеп, барынша жылдам шешуге тырыстық. Қазір күн өте суық. Ал балалар білім алу үшін бірнеше шақырым жаяу жүруге мәжбүр. Сондықтанда депутаттар, партия филиалы жанындағы қоғамдық кеңестердің мүшелері жергілікті атқарушы органмен бірлесе отырып мәселені шешіп, бүгін автобусты жүргіздік, – дейді «AMANAT» партиясының ШҚО филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Аманбай Нұркенов.
«Коммунальник» және «Озеленитель» саяжайларында 300-дей отбасы тұрады. Онда 30-дан астам оқушы мектепке барады.
– Мектепке баратын жол балалар үшін қауіпті болды. Ағаштардың арасымен жүреді. Саяжай тұрғындары жиналып, «AMANAT» партиясына жүгінгенен кейін мәселе шешіліп, бүгін балаларымыз мектепке автобуспен кетті, – дейді саяжай тұрғыны Ольга Шахова.