Марқакөлді тағы да қалың қар басып қалды
Қаһарлы қыс Марқакөл ауданын тағы да қалың қардың құрсауында қалдырды. Марқакөл ауданында жылдың басында қалың қар жауып, табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланған болатын.
Өткен аптаның соңынан бастап жауған қар мен соққан боранның кесірінен Марқакөлдің бірнеше ауылында жол жабылып қалды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Ауылдарға апарар жолдарды «ОблШығысЖол» күреп жатыр. Десе де бірнеше ауылға әлі жол ашылмаған.
– Өңірді тағы қалың қар басып қалды. Ауыл тұрғындары жағдайлары туралы ақпарат жіберіп отыр. Жолдарды «ОблШығысЖол» күреп ашып жатыр. Десе де Шанағаты, Балықтыбұлақ, Бұғымүйіз ауылдарының жолы әлі ашылған жоқ, – дейді өңір белсендісі Қайырхан Қазыбекұлы.
Айта кетейік, бұған дейін жедел жәрдем көлігі Марқакөл ауданына жете алмай қалып, науқасты арнайы техникамен барып алғанын жазған болатынбыз.
Оқи отырыңыз