Көкөніс қоймасының игілігін көретін күн алыс емес
Шығыс Қазақстанға келген еліміздің Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев облыс орталығындағы бірқатар сауда орнының жұмысымен танысты.
Алдымен «Гостиный двор» сауда кешеніне барған министр сауда павильондарын, балалардың ойын-сауық аймағын және сүт цехын аралап көрді, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.
Кездесуде кешен иесі, кәсіпкер Сергей Коротин әлеуметтік орта мен бизнес-қауымдастықтың сұраныстарына жауап беретін «all in one» тұжырымдамасы туралы айтты. Кешенде кәсіпкерлер мен сатып алушыларға барлық жағдай жасалған. Жақында мұнда визалық орталық та ашылады.
Арман Шаққалиев сауда нүктелерін аралап көріп, орталықтың келушілер үшін өте ыңғайлы екенін, енді баға саясатын ретке келтіру қажеттігін атап өтті.
Ведомство басшысы барған тағы бір нысан – «Алтай» көтерме-тарату орталығының аумағында қазір көкөніс қоймасын салу жұмыстары жүргізілуде. Көтерме-тарату орталығы негізгі ғимаратының жалпы ауданы 20 024 м2 құрайды. Сондай-ақ, мұнда тауарларды қабылдауға, сақтауға және сатуға арналған орындар, қызметтік-тұрмыстық, қосалқы, сонымен қатар, өндірістік үй-жайлар орналаспақ. Жалпы, орталықтың сауда аймағы алты бөлімге бөлінетінін айту керек. Ол: ет (сиыр және жылқы еті), балық, көкөніс пен жеміс, сүт және нан өнімдерінің бөлімдері.
Белгілі болғандай, орталық күніне 2 500 келушіні қабылдай алады екен. Мұнда 125 адам қызмет көрсететін болады. Ғимараттың кіре берісінде келушілерге арналған жуынатын бөлмелер де қарастырылған.
«Ертіс» ӘКК АҚ төрағасының орынбасары Станислав Ясинскийдің айтуынша, жоба екі кезеңде іске асырылуда және ішінара пайдалануға берілген.
Тағы бір айта кетер жайт, күзден бастап көтерме-тарату орталығының аумағында жәрмеңкелер ұйымдастырыла бастайды. Яғни, енді сенбі сайынғы ауыл шаруашылық өнімдерінің жәрмеңкелеріне осы жерде өтеді деген сөз.
Қазір орталық маңынан аялдамалар қою сияқты инфрақұрылымдық мәселелер шешілуде. Жалпы, сауда орталығының құрылысын ағымдағы жылдың төртінші тоқсанында аяқтау жоспарланған.