KZ
Өскемен
-12°
переменная облачность жел 1 м/с, СШ
498.34 519.72 4.85

Қала күніне орай кітап көрмесі ұйымдастырылды – Өскемен

31.08.2022, 18:22 349

Қала күніне орай А.С. Пушкин атындағы кітапханада «Өскемен – махаббатым, мақтанышым» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.

Аталған көрмеден Өскемен қаласының тарихы мен негізгі қалыптасу кезеңдері жайлы сыр шертетін басылымдар орын алады. Бүгінгі күні шырайлы Шығыстың өнеркәсіп пен мәдени орталығына айналған шаһар тарихын баяндайтын Құрбанғали Халид «Тауарих Хамса», З. Қайсеновтың «Шығыс өлкесінің тарихи – әдеби мұралары», Г. Щербиктің «Усть-Каменогорские предания», Н. Алексеенконың соғыстан кейінгі жылдардағы қала өміріне арналған «Моя комендантка» кітаптарының қала тарихына қызығушылық танытатын оқырмандарға берер мағлұматы мол. Мың жылдық тарихы бар ежелгі Кеңгір Тұра қаласы мен археологиялық қазба жұмыстары кезінде қала орнынан табылған құнды жәдігерлер туралы баяндайтын «Тарихқа толы Тарбағатай» жинағы мен кейінгі жылдары қала тарихына қатысты мерзімді басылым беттерінде жарық көрген зерттеу мақалалары да оқырман назарын аударары сөзсіз. «Абай әлемі» кітаптар топтамасымен жарық көрген «Краеведы ХIХ-ХХ веков о Восточном Казахстане» зерттеулер жинағы да қаламыз бен өлкеміздің тарихынан құнды ақпарат береді.
Көрмеден орын алған «Қазіргі Өскемен», «Ғажайып Шығыс Қазақстан», «Сиқырлы шығыс», «Шығыс Қазақстан: бейбітшілік пен жасампаздық», «Усть-Каменогорск на рубеже тысячелетий», «Усть-Каменогорск современный» атты көркем безендірілген альбом беттерін парақтай отырып, қаланың көз тартар әсем де көрнекті орындарын тамашалап, олардың қалыптасу жылнамасымен танысуға болады.
Сондай-ақ, 20 ғ. екінші жартысы мен 21 ғ. басында қаланың дамуына ат салысып, өркендеуіне үлесін қосып, қаланың Құрметті азаматы атанған тұлғалардың өмірбаяндары да сол кезеңдегі Өскемен тарихынан мол сыр шертеді.

Көрме 31 тамыза дейін ашық болады.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу