"Шөбім қораммен бірге жанып кетті" Ауыл тұрғыны өрт сөндірушілерге ренжулі
– Жақында өрттің салдарынан қорамдағы қысқа жинаған 10 машина шөбім, қораммен бірге өртеніп кетті. Өрттің шығу себебі әлі белгісіз, қасақана өртеді деген күдігім бар. Өрт шыққанда ауылдағы жалғыз өрт сөндіру көлігі іске жарамсыз болып шықты, ал оның жүргізушісі де ауылда болмады, сұранып кетіпті. Соның салдарынан Зайсан қаласынан өртке қарсы қызметті шақыруға тура келді. Олар үш сағатта әрең жеткенде, шөп толық жанып кетті. Сорақысы, олардың да су тартатын сорғысы істемейтін болып шықты, көмектесе алмады. Менің сұрағым, осындай ел қысқа шөбін, отынын қамдап отырған шақта ауылдағы, аудандағы өртке қарсы қызмет неге қамсыз отырады? Неге дайындық жұмыстары алдын ала жүргізіліп, облыстан тексерілмейді?
Мұрат Жақыпбаев,
Жалши ауылы, Зайсан ауданы
Сауалға облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Нұрлан Мадьяров жауап береді:
Оқиға орнына дейінгі жол жүру уақыты 2 сағат 40 минутты құрады (Зайсан қ. 43-ӨСБ мен Жалши ауылының ара-қашықтығы 75 км). Өрт 01 сағат 47 минутта тежелді, 07 сағат 01 минутта жойылды. Өртті сөндіру нәтижесінде оттан тұрғын үй, мал қора және көршілерде орналасқан лапастар мен қора үстіндегі шөптер құтқарылды.
Азамат М.Жақыпбаевтың су сорғыш жұмысқа жарамсыз жағдайда болды деген сөзі негізсіз. Себебі, жарамсыз су сорғышпен өрт сөндіру автоцистернасын сумен толтыруға, оның үстіне сөндіруге суды беру мүмкін емес. Өртте жұмыс істеген АЦ-40 (130)63Б «ӨСжАҚЖҚ» ММ ақырғы техникалық қызмет көрсетілуі 2018 жылғы 02 қазанда жүргізілген. Бұл ретте өрт сөндіру техникасы, сонымен қатар су сорғыштар күн сайын кезекші қарауыл ауысу кезінде тексеріліп отырады. Жауынгерлік есепте тек қана толықтай жарамды өрт сөндіру көліктері тұрады.