KZ
Өскемен
+9°
дождь жел 3,5 м/с, Ю
492.14 528.85 5.01

Аягөздегі шаруа қожалықтарының бірі қаз өсіруді қолға алмақ

29.10.2018, 08:59 114

Жері құнарлы, шөбі шүйгін Сарыарқа ауылына қарасты Биесыймас атты бөлімшеде «Кенже» шаруа қожалығын басқарып келе жатқан Тоқтағазы Қайырбаев мал өсіруде тәп-тәуір нәтижеге қол жеткізіп келе жатқан жан. 1995 жылдан өз алдына жеке шығып, қожалық ашқан ол бастабында бұл ісінің дөңгеленіп кетеріне өзі де шүбәмен қараған еді. Өйткені, өзі танитын, өзі білетін бірнеше шаруа қожалықтары мен серіктестер нарықтың қыспағына төтеп бере алмай, жабылып тынғанды. Сондықтан да өзін мұқият болып, етек-жеңін жиюға тәрбиеледі. Жалпы, бұл өңірде ата-бабалары ежелден қоныстанып, мекен еткен. Қасиетті, киелі өлке.


-Биесыймас ауылында мал өсіріп, соның жемісін көріп келе жатқан жандармыз. Ата-бабаларымыз мына оң жағымыздағы Балта-Тарақ, Кәртеміш, одан әрі Ақ шайық тауларының қойнауында тұрған екен,-дейді ол,-. Сонау көз ұшында шошайған әйгілі Қисық ханның зираты. Жалпы, бұл жерде қазақтың маңдайына біткен елге мәлім тұлғалары мәңгілікке орын тепкен. Байғара бидің, Ақтайлақ бидің, Солтабай төренің, Аққожа бидің кесенелері осы жерде. Ата-бабаларымыздың рухынан қуат алып жүріп жатқан жайымыз бар. Бұдан өзге Тоқаң «түгін тартсаң майы шығатын» бұл жерге арпа, бидай, сұлы егетін көрінеді. 1500 гектар жайылымдық, 500 гектар егістік жерге дәнді дақыл егіп, одан өздеріне де малға да азық алып келе жатқан жігіт ағасы Зеңгі Баба тұқымын өсіреді екен. Тоқтағазы келер жазда қаз өсіруді қолға алмақ ниетте екен. Маңайы жасыл нуға бөленген өлкеде су да жеткілікті көрінеді.



Тоқтағазы Қайырбаев


-Осыдан үш-төрт жыл бұрын әдейілеп қаз өсірген едім. Сол игілікті істі тағы жандандырсам деймін. Пайдасы бір басыңа жетіп артылатын қаз өсіру ісі шынында да табыс көзі деуге болады. Сол үшін қазір орнын әзірлеп, етін өткізетін жерлермен келіссөздер жүргізудеміз. Қазақ ежелден мал өсірген халықпыз ғой. Мал санын арттыру үшін де жайылымдық жерлер керек. Шүкір, жайылымдық жерлеріміз бар. Тіпті, қазға да емін-еркін жайылып, шөп оратын орын керек,-дейді ол.


Жуырда «Қаз Агро Қаржы» АҚ арқылы жаңа техникалар алып, шаруаларын дөңгелетіп отырған «Кенже» шаруа қожалығы мемлекеттік бағдарламалар арқылы беріліп жатқан үлкен-үлкен жеңілдіктерді пайдаланып отырған көрінеді. Субсидияларын алып, «Агробизнес-2020» бағдарламасының сыйын көріп келе жатқан ол тұрмысына дән риза.


-Бұл да ауыл шаруашыығына мемлекет тарапынан беріліп отырған орасан зор жеңілдіктердің арқасы, -дейді «Кенже» шаруа қожалығының иесі Тоқтағазы Қайырбаев.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив