ШҚО-да энергетиктер бағаны өсіріп, 1 млрд. теңге негізсіз пайда тапқан
Еліміздің бірқатар өңірінде электр энергиясымен жабдықтаушы мекемелер бағаны қолдан өсіріп, негізсіз пайда тауып келген. Прокурорлық шаралардың нәтижесінде аталмыш мекемелер 5 млн. тұтынушыға 13 млрд. теңгеге жуық шығынды өтеді, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Жуықта Қайрат Қожамжаровтың төрағалығымен өткен Бас прокуратураның алқа отырысында электр қуаты мен жылудың бағасын қалыптастырудағы заңдылық талқыланды.
Алқа жұмысына ҚР Президентінің Көмекшісі – Қауіпсіздік Кеңесінің Хатшысы Ғабит Байжанов, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев, орталық мемлекеттік органдар мен монополист-кәсіпорындардың басшылары қатысқан болатын.
Бас Прокурор қатысушыларға Мемлекет басшысының қазандағы Жолдауында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және табиғи монополиялар көрсететін қызметтердің ақысын өсірмеу туралы тапсырмасын еске салды.
«Президент монополистердің қызметіне тиімді мониторинг жасауға және баға орнату кезінде ашықтықты қамтамасыз етуді талап етті. Тариф мәселесі халық үшін өте маңызды, өйткені отбасылық бюджеттен коммуналдық қызметтерге айтарлықтай қаржы жұмсалады», - деді Қ. Қожамжаров.
Ол тариф белгілеуге қатысты бірқатар салалық проблемаларды, соның ішінде Энергетика және Ұлттық экономика министрлігі тарапынан мемлекеттік бақылаудың тиісті деңгейде жүргізілмегенін атап өтті.
Мәселен, «Астанаэнергосбыт» тарифті қалыптастыру кезінде электр энергиясын 11,8 теңгеден сатып алатынын көрсеткен, іс жүзінде 2 есе арзанға сатып алған.
Нәтижесінде елорда тұрғындарынан 2,6 млрд. теңгеге артық қаржы алынды.
Осындай жолмен Атырау, Алматы, Ақтөбе, Қызылорда және Шығыс Қазақстан облыстарындағы жабдықтаушылар әрекет етіп, 1 млрд. теңге көлемінде негізсіз пайда тапқан.
Монополистер прокурорлық шаралардың нәтижесінде 5 млн. тұтынушыға 13 млрд. теңгеге жуық шығынды өтеді.
Сонымен қатар 14 өңірде электр қуаты мен жылудың бағасы төмендетілді. Оған дейін Қапшағай қаласында бір бөлмелі пәтерді жылыту үшін шамамен 9,5 мың теңге төленсе, қабылданған шаралардан кейін ақысы 4,5 есеге төмендеп, 2,2 мың теңгені құрады.
Бас Прокурор сөзін қорытындылай келе табиғи монополиялар субъектілерінің басшыларына қоғам алдындағы әлеуметтік жауапкершілікті сезініп, жұмыс тәсілін өзгертуге шақырды.
Алқа отырысының қорытындысы бойынша тарифті қалыптастыру кезінде ашықтық деңгейін арттыруға бағытталған бірқатар нақты ұсыныстар қабылданды.