Өскемендегі Ворошилов көшесінде мылтықты кім атқаны анықталды
ШҚО Ішкі істер департаменті Өскемендегі Ворошилов көшесінде болған «атысқа» қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
19 қазан күні Ворошилов көшесінің тұрғындары мылтық дауысын естігендері туралы хабарлаған болатын. Тәртіп сақшыларының бірнеше адамды ұстап әкеткені туралы да айтылды.
Облыстық Ішкі істер департаментінің анықтауы бойынша, өткен жұма күні Ворошилов көшесінде ерегесіп қалған екі ер азаматтың бірі екіншісін пышақтаған.
– Тәртіп бұзушыларды ұстап жатқанда, 36 жастағы күдікті полиция қызметкерлеріне пышақ ала жүгірді. Оған ескерту ретінде қызметкерлер аспанға оқ атуға мәжбүр болды, – дейді ІІД баспасөз қызметі.
Жарақат алған 47 жастағы ер азамат ауруханаға жеткізілді.
Қазіргі уақытта 36 жастағы күдікті уақытша қамау изоляторында. Сотқа дейінгі тергеу ісі жүріп жатыр.