Шығыстағы биылғы қанды сулар анықталды
Бүгін құтқарушылар шомылу маусымына арналған қортынды жиын өткізді. Жиында белгілі болғандай, облыс аумағында 36 адам суға батқан екен. Оның 7-еуі балалар.
Қайталап айтамыз, бұл – шомылу маусымында ғана суға батқан адамдардың саны. Ал жыл көлемінде 45 адам суға кеткен.
Шығыс аймақтық аэромобильді жедел-құтқару жасағының бас құтқарушысы Анатолий Рожковтың айтуынша, суға бату себептері – жүзе білмеу (23 адам суға кеткен), балық аулаймын деп арнайы ережелерді ұмыту (7 адам суға кеткен), балаларды қараусыз қалдыру (6 бала суға кеткен). Бұл жағдайлар арнайы шомылуға арналмаған орындарда болған.
Құтқарушылар барлығы 25 адамның денесін тапқан. Соның 3-еуі балалар. Ал жергілікті тұрғындар мен полиция қызметкерлері 11 адамның денесін судан алып шыққан.
Жиынға қатысқан облыстық төтенше жағдайлар департаменті өкілі шығыстағы қанды өзендерді атап өтті.
– Анықтауымызша, Ертіске – 5, Убаға – 5, Бұқтырма су қоймасына – 4 және Сасықкөл, Зайсан көлдері мен Шар өзендеріне екі-екі адамнан ағып кеткен, – дейді Жанарбек Тоқышев.