ШҚО-да жас жігіттер 90-дағы зейнеткерді қорқытып ақшасын алып кеткен
Соңғы уақытта «қарияны соққыға жығып, тонап кетті» деген ақпараттар баспасөз беттерінде көптеп жарияланып жүр.
Әсіресе, аяқ-қолы балғадай жас азаматтардың осындай бұзақылыққа барып жатқандары ішті қынжылтады. Қазақстанда мұндай оқиғалар жиілеп кетті.
Күні кеше ғана Зырян ауданында тепсе темір үзетін екі жас жігіт 90 жастағы зейнеткерді пышақпен қорқытып, 70 мың теңгесін ұрлап, қашып кеткен.
Бірақ көп уақыт өтпей, яғни бір күннің ішінде екеуін де құқық қорғау органдары қолға түсірді. Ер адамдар ақшаны жұмсап үлгермеген екен. Тәртіп сақшылары тез арада ол қаражатты иесіне қайтарып берген.
Қазіргі таңда тонау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.