KZ
Өскемен
+25°
переменная облачность жел 6 м/с, В
478.93 534.96 5.16

Бүгін кешкі сағат 18:00-де «Алтайға» қолдау көрсетейік!

17.07.2018, 06:09 234

Өскеменде өтіп жатқан волейболдан қыздар командалары арасындағы клубтық Азия чемпионатында бүгін жартылай финалдық ойындар ойналады. Оның бірінде өскемендік «Алтай» мен жапондық «НЕК Ред Рокетс» командалары кездеспек.


Ойын алдында біздің волейболшылардың қарсыластары туралы аз-кем ақпарат беруді жөн санадық. Бүгінде жапон волейболының беткеұстар ұжымдарының бірі саналатын «НЕК Ред Рокетс» клубы осыдан 40 жыл бұрын, дәлірек айтсақ, 1978 жылы электроника шығарумен айналысатын атақты NEC Corporation компаниясының бастамасымен құрылған. Штаб-квартирасы Кавасаки қаласында орналасқан команда былтырғы Жапония біріншілігінің (V Премьер-лигасы) жеңімпазы. Осы ретте, «қызыл зымырандар» деген лақап атқа ие команда өз тарихында жеті рет ел чемпионы атағын жеңіп алғанын да айта кеткен жөн. Сонымен қатар кавасакилік команда 2016 жылғы клубтық Азия чемпионатында да топ жарған-ды. Биылғы додада бас бапкер Такаюки Канеконың шәкірттері сол жетістігін қайталауға ниетті.


Айта кетейік, Өскеменде өтіп жатқан Азия біріншілігінде «А» тобында өнер көрсеткен жапондық арулар екі ойында екі жеңіске жетіп, плей-офф кезеңіне бірінші орыннан шықты. Алдымен Тай елінің чемпионы және былтырғы құрлықтық доданың жеңімпазы «Суприм» командасынан 3:2 есебімен басым түскен «қызыл зымырандар», артынша қытайлық «Цзянсу Чжуньтянь Стил» волейболшыларын 3:0 есебімен талқандады.


Жақында «НЕК Ред Рокетстің» белді мүшесі Сиори Цукада мәлімдегендей, биыл өзінің 40 жылдығын атап өтетін кавасакилік команда ойыншылары Өскемендегі жарыста жеңіске жетіп, жерлестеріне мерейтойлық сыйлық жасамақ.


Алайда, бұған Юрий Панченко бастаған «Алтай» волейболшылары көне қояр ма екен? Қалай болғанда да алыптар арасындағы бұл айқас тартысқа, қызыққа толы болайын деп тұр.


Естеріңізге салайық, «НЕК Ред Рокетс» пен «Алтай» арасындағы жартылай финалдық кездесу бүгін кешкі сағат 18:00-де басталмақ.

Жерлестерімізге қолдау көрсетейік!  Ойын Өскемендегі Спорт сарайында өтеді, кіру тегін.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив