KZ
Өскемен
+24°
переменная облачность жел 4 м/с, ОШ
478.93 534.96 5.16

Жапондықтардан жеңілген "Алтай" үшінші орынға таласатын болды

17.07.2018, 15:10 113

Өскемендік "Алтай" келесі клубтық Әлем чемпионатына да қатыса алмайтын болды, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.


Жаңа ғана Өскемендегі Б.Александров атындағы Спорт сарайында аяқталған волейболдан клубтық Азия чемпионатының жартылай финалдық кездесуінде алтайлықтар Жапония чемпионы "НЕК Ред Рокетс" командасынан 3:0 есебімен жеңіліс тапты.


Бұл ойынды ширақ бастаған Күншығыс елінің волейболшылары бірінші партияда 25:20 есебімен жеңіске жетті.


Екінші кезеңде "қызыл зымырандардың" басымдығы тіптен айқын болды. 25:17.



Матчтың ең тартысты кезеңі болған үшінші партияда алтайлықтар жеңіске жету үшін барын салды. Өскемендік команданың қарсыласынан тіптен, 4-5 ұпайға ұзап кеткен кездері де болды. Өкінішке қарай, Юрий Панченконың шәкірттері бұл басымдығын ұстап тұра алмады. Қорытынды есеп 28:26 жапондық команданың пайдасына.


Кездесуден кейінгі баспасөз мәслихатында "Алтайдың" бас бапкері Юрий Панченко командаға сәттілік жетіспегенін және шәкірттері матч алдында берілген тапсырмаларды ойдағыдай орындай алмағанын айтты.



- Жапониялық команданы жеңістерімен құттықтаймын. Бүгін қарсыластарымыз жеңіске лайық ойын үлгісін көрсете білді. Ал біз тым сылбыр қимылдадық. Қарапайым эпизодтарда қателік көп жібердік. Сол себепті, финалға біз емес, қарсыластарымыз шығып отыр, - деді бас бапкер.



Айта кетейік, алтайлықтар енді ертең үшінші орын үшін өтетін матчта қытайлық "Цзянсу Чжунтянь Стил" волейболшыларымен кездесетін болады. Бұл команда өз кезегінде бірінші жартылай финалдық матчта тайландтық "Суприм" командасынан 0:3 есебімен жеңілуге мәжбүр болды.



Сонымен ертең кешке өтетін Азия біріншілігінің финалдық кездесуінде Жапония мен Тай елінің чемпиондары шеберлік байқаспақ. Естеріңізге салайық, құрлықтық додада бірінші және екінші орын алған командалар алдағы клубтық Әлем чемпионатына жолдама алатын болады.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив