KZ
Өскемен
+11°
облачно с прояснениями жел 7 м/с, СБ
442.84 480.97 5

Қытайда барлаушы болған қазақ

11.07.2018, 04:42 239

Өз өмірі мен білімін мемлекеттің қауіпсіздігін қорғауға арнаған тұлғалардың өмір жолы тұнып тұрған өнеге емес пе?! Жалындаған жігерін, ақыл қуатын Отан үшін сарқа жұмсаған, ағаларын ардақтап, ізін қуған інілеріне үлгі болған азаматтардың бірі –Тоқтархан Сембинов.


Тоқтархан Сембіұлы Ұлан ауданының Асубұлақ кентінде 1952 жылы дүниеге келген. Ол кішкентайынан білімге құмар, алғыр, қағілез болып өскен екен. Мектепті аяқтаған соң Отан алдындағы борышын өтеуге аттанады. Әскерде Мурманск қаласында, ең беделді деген Солтүстік теңіз флотында болады.


Жас жігіт туған үйіне жауынгерлік өмірдің қыр-сырын танып, шындалып, шынығып оралады. Келген соң кенттегі тау-кен кәсіпорнына жұмысқа орналасады. Кім білсін, мүмкін осы жолмен жүріп, геология саласының білікті бір маманы атанар ма еді?


Жат қылықтардан аулақ, ұстанымы мықты жігітті комитеттің қызметкерлері байқап қалады. Олардың өздеріне мамандарды ел ішінен іздеп жүріп табатын әдістері бар. Тоқтарханды олар бір жыл бойы сыртынан бақылап жүрген екен. Содан өзімен кездесіп, органға қызметке шақырады. Тоқтархан «көп ойланбастан келісім бердім» дейді. Ол кездегі патриоттық тәрбиенің, Отанға деген сүйіспеншіліктің мықтылығы сондай болатын-ды.


Десек те, мұндай абыройлы қызметтен көп жігіттер бас тартып та жататын. Себебі, комитетте еңбек ету – аса күрделі әрі қиын іс, ертеңгі күнің не боларын, әлемнің қай түкпірінде қандай тапсырма орындайтының белгісіз. Қысқасы, әр қадамың қауіп-қатерге толы жұмыс.


Алты жыл барлаушының оқуын оқыпты


1974 жылы Тоқтархан Мәскеу қаласына оқуға жіберіледі. Мамандығы – қарсы барлаушы. Ол кезде әлемде барлаушыларды даярлайтын екі мықты оқу орны болыпты. Бірі – АҚШ-та, бірі – КСРО астанасы – Мәскеуде.


–Оқу өте қиын болды. Бізді жан-жақты дайындады. Мен қытай тілі мен ағылшын тілін қатар оқыдым. Әдістемесі де бөлек болды. Айталық, Пекин қытайшасы мен Шанхай қытайшасының айырмашылығына дейін,яғни, диалектілеріне дейін үйрендік.Одан бөлек, адаммен қалай қарым-қатынас жасау керектігін, қажетті ақпаратты сұхбаттасушының өзіне білдіртпей қалай алып алу керектігін де оқып білдік. Ең қиыны – адамды сөйлету, одан қажетті ақпаратты алу. Бұл үшін психологиялық әдіс-тәсілдерді меңгердік, – дейді запастағы полковник.


1980 жылы Мәскеуде өткен Олимпиада КСРО Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті үшін жауапты іс болды. Темір құрсаудағы жабық елге шетелден қаншама спортшы, жанкүйер келді. Олардың арасында әлбетте тыңшылар да болды. Соларды анықтау, құпия ақпараттың сыртқа шығарылмауын қадағалау өте қиын шаруа болды.


Алайда, Сембинов ойындарды ойдағыдай өткізіп, қолына көптен күткен дипломын алып, туған елге – Қазақстанға қайтып келді.


Жалпы, Мәскеуде қытай тілінің үйретілгені де тектен-тек емес. 1969 жылы КСРО мен Қытай арасындағы жер дауы шарықтау шегіне жетті. Қиыр Шығыстағы Даман аралында, Жалаңашкөл маңында қос әскер арасында қарулы қақтығыстар орын алады. Бәріне себеп екі ел арасындағы шекараның нақты шегенделмеуі, даулы, яғни бейтарап аумақтардың тым көп әрі ауқымды болуы еді. Бұрынғы коммунист достар енді дұшпанға айналады. Осыдан соң Мәскеудегі басшылық Қытаймен жұмыс істеуді күшейтеді. Сол елге өз барлаушыларын жіберіп, қауіптің алдын алуды ойластырады.


Тоқтархан Сембинов сол тұста комитетке алынады. Қытаймен жұмыс істеуге азиаттар, оның ішінде қазақтар барлаушылыққа көптеп тартылады.


Өз жұмысы туралы Тоқтархан ағамыз ақтарылып көп айта қоймады. Кейбір арнайы тапсырмалардың құпиялылық мерзімі әлі өтпеген екен. Бірақ сөзінен Қытайды батысынан шығысына дейін толық шарлағанын, талай елімізге қажет құпия ақпаратты жеткізгенін аңғардық.


Жаз шыға шекара жаққа кететінбіз


Қытай мен КСРО арасындағы қарым-қатынас 1962 жылдан нашарлаған-ды. Бұрын екі ел дос болатын. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін КСРО Қытайға 260 өндіріс орнын салып берген. Бұл аз ба?!Риза болған қытайлар Советтер одағын «Лау Дагэ» деп атай бастайды. Онысы «Үлкен аға» дегенді білдіреді. Бірақ «Үлкен ағасы» «Үлкен дұшпанға» айналды. Қытайдың сол кездегі өктем басшысы Мао Цзэдун советтік коммунизмді қатал сынға алып, «даулы аумақтар – біздікі» деп қырғиқабақ соғысқа көшеді.


Сол кезде Қытай үкіметі шекарадағы өзге ұлттарға түрлі бағытта қоқан-лоқы мен қысым көрсете бастайды. Бұрын емін-еркін жүрген қандастарымыз енді тарихи Отандарына қарай бет түзейді.


–Сол жылдары біз жаз шыға шекара бойына кетіп, қар түскенше сонда жүретінбіз. «Перебежщиктер», яғни «қашқындар» өте көп болды. 90 пайызы – өзіміздің қандастар. Олар қабылданып, азаматтық берілді. Ал 10 пайызы қытайлар мен өзге ұлт өкілдері болатын. Олармен жіті жұмыс жүргіздік. Шынын айту керек, араларында тыңшылар да жүретін. Оларды бірден анықтап, қытайлық шекарашыларға табыстап отырдық. Қытайдың заңы қатал. Шекара бұзушылар жазаға тартылатын, егер өз тыңшылары болса, бізге қайта жіберетін, біз оларды ұстап, қайта тапсырамыз, – деді осы ретте әңгімеге араласқан ҰҚК облыстық департаменті ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейітқамза Булембаев.


Ол басқарған алты жылда кеңес көп шаруа тындырған. Облыстағы саланың 330 ардагеріне түрлі әлеуметтік-медициналық көмек көрсетуге септеседі.


Тәлімгерлік жұмыс – бір төбе. Жас мамандарға дәріс оқитындардың дені – тәжірибелері мол, айтары көп осы ардагерлер.


Бір сүйем жер үшін дауластық


– 1998 жылы Қытай мен Қазақстан арасындағы шекараны анықтау жөніндегі комиссия құрамында еңбек еттім. Бұл – өте қиын жұмыс болды. Қытай тарапымен көптеген ауыр келіссөздер өткізілді. Шекара бойымен жүріп отырдық. Әр метр емес, сантиметр үшін күресуге, тарихи құжаттармен дәлелдеуге тура келді. Жалпы, Шығыс Қазақстан мен Қытай арасында 7 даулы учаске болған. Сол жерлер бөліске салынды. Осы ретте атап кеткім келетіні, даулы аумақтардың көп бөлігі біздің тарапқа өтті. Ел арасында айтылып жүрген «даулы жерлер Қытайға кетті» деген – бос сөз. Білмеген соң кейбіреулер айта береді ғой, – деді Тоқтархан Сембинов.


Ағамыз қытай тілін білуінің арқасында облыс әкімінің кеңесшісі болып та қызмет еткен екен. Сол кезде ол түрлі делегацияларды Қытайға апарып жүріпті.Бір рет Сембинов энергетиктердің делегациясын Үрімші қаласына бастап апарады. Қытайлық тарап оларға өз электр стансаларын көрсетіп, екі тарап тәжірибе алмасады. Қайтарда олар Хоргос өткелі арқылы өтіп, шекарадағы Құлжа қаласында қытайлықтар біздің энергетиктерге арнап дастархан жаяды.


– Дастархан басында бізден барған бір басшы «Тоқа, біз міне Қытайлармен энергетика саласы бойынша әріптестік орнатып, тәжірибе жинақтап қайтап барамыз. Ал сен осы уақытта не бітірдің?!» деп маған кекете сөйледі.Мен жай ғана жымиып, үндеген жоқпын. Олар қайдан білсін менің сол сапар барысында жинаған құпия ақпаратым келесі күні үстелде жатқанын, – дейді барлаушы.


Студенттерге қытай тілін үйретіп жүр


2000 жылы зейнетке шыққан соң сол кездегі ШҚМУ ректоры Ережеп Мәмбетқазиев Тоқтархан ағаны қызметке шақырады. Жаңадан ашылып жатқан халықаралық қатынас кафедрасына қытай тілінің оқытушысы болып орналасады.Осылайша ол ұрпақ тәрбиесіне, білім беру саласына еселі еңбек сіңіріп жүр.


Қазір ағамыз тасада қалған жоқ, әлі тың, әлі белсенді. Білгенін үйретіп, ел қауіпсіздігін күшейтуге үлес қосып келеді.Ұзақ жыл адал қызмет атқарып, күрделі тапсырмаларды мүлтіксіз орындаған ол әлі де антына берік, кеуде керіп, отырған жоқ, қарапайым.


13 шілдеде ҰҚК қызметіне 26 жыл толады. Елбасы Жарлығымен құрылған қазіргі комитеттің қызметі мүлдем бөлек. Мамандары да, техникалық жабдықталуы да сапалы. Бірақ біздің кезіміздегідей емес қазір қатер де көп, халықаралық терроризм, діни экстремизм дегендер пайдаболды. Сондықтан өзімнің інілеріме шыдамдылық пен сәттілік тілеймін! Ел іргесі тыныш болсын! – дейді ұзақ жылдар бойы қауіпсіздік комитетінде еңбек еткен Тоқтархан Сембинов.


Полковник сұхбаты барысында Тоқтархан Күзембаев, Сағит Батуллин, Аман Танекенов, Айтыш Москин, Мәулетбек Бақтыбаев, Владимир Гуркин, Ақатай Алипанов, Бәйкен Малғаждаров, Қапан Нұржақыпов сынды ағаларын ілтипатпен еске алып, солардан көп тәлім алғанын жеткізді. Әсіресе, Ауған-Пәкістан шекарасында қызмет атқарған Күзембаевтың мықтылығын, барлаушылығын айырықша атап көрсетті.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив