«Алтайдың» қыздары Түркияға жаттығуға кетті
«Алтай» волейбол клубының қыздар командасы биыл шілде айында Өскеменде өтетін Азия чемпионатына дайындығын бастады. Күні кеше жерлестеріміз кезекті оқу-жаттығу жиындарын өткізу мақсатында Түркияға аттанды, Алтайньюс тілшісі.
«Алтай» волейбол клубының спорттық директоры Досжан Уалхановтың хабарлауынша, түрік елінде алтайлықтар екі аптадан астам уақыт болады. Волейболшыларымыз алдағы байрақты бәсекеге дайындықтарын Белек қаласындағы Gloria Sports Arena деп аталатын заманауи дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде жүргізбек. Дәл сол жерде команданың 14 ойыншыдан құралған негізгі құрамы жасақталады деп күтілуде.
Түркиядан оралған соң волейболшы қыздарымыз бірнеше ресейлік командамен спарринг кездесулер өткізетін болады. Бұл ойындар маусым айының 16-ы мен 25-і аралығында ойналмақ.